Газетіміздің өткен санында Нұр-Сұлтан қаласында Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай өткен шарадан Мақат балалар өнер мектебінің басшысы Дәулеткерей Маулекенов 10 домбыраны сыйға алып қайтқаны туралы шығарған едік. 160 жылдыққа байланысты 10 оқу-тәрбие мекемесінің 160 оқушысына «Дегдар» гуманитарлық қорының арнайы тапсырысымен 160 домбыра жасалған болатын. Домбыраларды қордың қамқорлық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаеваның өзі табыстаған еді.
3 қараша күні ерекше марпатқа ие боп келген Дәулеткерей Маулекеновты Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин қабылдады. Шараға сонымен қатар аудан әкімдігінің аппарат басшысы Бекәділ Жайкин, білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Сарбасов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов пен қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Оспанов және өнер мектебінің жас домбырашылары қатысты. Алғашқы боп сөз ұсынылған Шәкір Кейкин: «Өнер мектебінің басшысы мен ұжымына аудан басшылары мен ардагерлер бастаған бір топ азамат болып сіздерге құттықтау тілегімізді жеткізгіміз келеді.
Дариға Нұрсұлтанқызы секілді тұлғалардың қолынан алғыс алу біздің әріптестеріміздің арманы. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жетістіктеріңіз құтты болсын!», - деп таланттарды жастайынан танып, шығармашылықтың шалқар шыңына шығуларына үлес қосып жүрген Дәулеткерей Мәулекеновке және «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, бұл бір адаммен біткен іс емес. Ұжымның да үлкен еңбегі бар. Бүгінгі шәкірттеріңіз болашақта өнер саласының майталмандарына айналар деп ойлаймыз», - дей келе, Мақат балалар өнер мектебінің ұжымына алғыс хат табыстады.
«Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Өнер адамдарын қасиет қонған адамдар деп айтуға болады. Күй деген қазаққа нағыз керек зат. Беделдеріңіз арта берсін!», - деп сөз жалғаған Сәбит Халенов пен Ерғазы Оспанов та құттықтау тілектерін білдіре кетті. Өз кезегінде Дәулеткерей Нәсіпқалиұлы жиналғандардың алдында еліміздің бас қаласынын алып келген әсерімен бөлісіп, әкімдік тарапынан көрсетіліп жатырған құрметке рахметін айтты.
Шара соңында Нұр-Сұлтаннан жеткен 10 су жаңа домбырамен өнер мектебінің 10 шәкірті Құрманғазының «Адай» күйін орындап берді.
А. Байшуақ
Суреттер автордан