Домбыра қаншама ғасырлардан бері қазақ мәдениетінің басты символы болып келді. Бұл аспапта ойнайтын адам ұрпақ сабақтастығын жалғастырады.
Туған жердің музыкалық дәстүрін сақтап, жүрегіне шынайы рухани құндылықтарды сіңіреді. Ұлттық аспаптарымызды дәріптеп, шәкірттері сан түрлі додаларда топ жарып жүрген Мақат балалар өнер мектебінің жеткен жетістіктері аз емес. Облыс қала берді аудан мерейін үстем етіп жүрген аталмыш өнер ұжымының еңбегі елеусіз қалмады. Күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Дегдар» гуманитарлық қорының жаңа қайырымдылық жобасына облыс бойынша Мақат балалар өнер мектебінің басшысы Дәулеткерей Маулекенов қатысып қайтқан еді.
Шара барысында "күй анасының" 160 жылдығына орай 10 оқу-тәрбие мекемесінің 160 оқушысына 160 домбыра сыйға берілді. Музыкалық аспаптарды «Дегдар» гуманитарлық қорының Қамқорлық кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева табыстады. Берілген 160 домбыраның 10-ы облыс бойынша біздің ауданға ғана бұйыруы тегіннен тегін емес еді. Келешегінен зор үміт күттіретін дарынды шәкірттеріміз ұлтымыздың бай мұрасын дәріптеп, ұлттық өнердің насихаттауға өз үлестерін қосады деген сенім зор. Сонымен қатар, Мақат балалар өнер мектебінің ұжымына арнайы алғыс хатта табыс етілді. Дариға Нұрсұлтанқызының ақ тілегінде: "Ұлттық музыкаға балаларды тарта алсақ, ұлтымыздың болашағы рухты болады. Аспаптарды сыйға тарта отырып мен ұстаздарға төзім мен сүйіспеншілік ал, тәрбиеленушілерге шығармашылық табыс тілеймін" делінген.
А.САДЫҚОВ