Батагөй қариялар бақ сынады

(0 Votes)

Аудандық мәдениет үйінің сахнасы қашанда дүбірге толы. Бұл жолы Мақат ауданының құрметті азаматы, Ұлы отан соғысы және еңбек ардагері, халық ағарту ісіне еңбегі сіңген ұстаз Жанасов Азат Сәлікұлының еске алуға арналған аудандық батагөй қариялар байқауы өтті. Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған бата - қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста жүрген дәстүрдің бірі. Жасыратыны жоқ бүгінде жасы егде тартқан кейбір ақсақалдарымыз дастарханның батасын қайырарда бірер сөйлемнен әрі аса алмай жатады.

qarialar-2


"Батаменен ел көгерер" атты байқауға халқымыздың қасиетті салтын қастерлеп жүрген жеті қариямыз қатысты. Қос кезең бойынша өрбіген шара мәнді де мағыналы түрде өз мәресіне жетті. Алдымен қариялар өзінің өткерген өмір жолын қысқаша түрде баяндап, жеткен жетістіктеріне тоқталды. Әсіресе талай жыл түрлі салада тер төккен Бәйгетөбелік Ерғазы Жоламанов атамыз өз таныстыруын өлең жолдарымен өрбітіп, тыңдарманның жүрегін тебірентті.
Ақтық кезеңде ақсақалдарға берілген уақыт бес минут. Дәл осы уақытта қазыналы қарттарымыз батаның түр-түрінен ақ жауынша жаудырды. Балаға берілетін бата, жолаушыға, тіпті ауылға арналған баталар да кездесті. Жеті қариямызды қос кезең де де жіті бақылап отырған қазылар алқасы Доссорлық Дәулетбаев Діңғали атамызды жеңімпаз деп таныды. Екінші орынға Сарашев Сафи жайғасса, үздік үштікті танымал батагөйіміз Жамбыл Досқаиев түйіндеді. Ал Ерғазы Жоламанов, Сәбит Халенов, Сайын Жылқышиев, Мұрат Мусиев сынды ақсақалдар арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

qarialar-1


Шараның өтуіне мұрындық болғандардың бірі аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәбит Халенов ақсақал бұл шараның ауданда алғаш рет өтіп жатқанын айтады."Алдағы уақытта мұндай шараларды жылына екі рет жасап тұруға толық мүмкіншілігіміз бар. Келесі де халық бүгінгіден де көптеп қатысады. Бата бергенде бес алты бетті жадтап алу міндетті емес, бастысы жүйелі әрі шын жүректен шықса болды",-дейді ардагеріміз.
Бата кемел ойдан туындап, өмірлік тәжірибе тезінен қорытылған, мазмұнды әрі көркем тілмен кестеленіп өз ұйқасымен адам зердесіне құйылса ғана діттеген мақсатына жетері хақ. "Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең" демейді ме?! Ендеше баталарыңызбен бұқараның көсегесін көгертіп, ортамызда аман сау жүре беріңіздер.

А.САДЫКОВ
суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT