Таяуда М.Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында биылғы республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау шарасы болып өтті. Мұнайлы шаһардың мерейін арттырып, намысын қорғап жүрген дарындылар басқосуына облыс әкімі С.Шәпкенов қатысып, республикалық, халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиада, ғылыми жоба, конкурстар мен тартысты додаларда жүзден жүйрік атанған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаған еді.
Олардың арасында мұнайлы мекеннің мерейін үстем қылып жүрген ауданымыздың мақтанышы Құндыз Борисова да бар. Ол наурыз айында Алматы қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан ХІІ халықаралық зерттеу жобаларына қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленген болатын. Шара барысында Құндыз облыс әкімінің алғыс хаты мен 100 мың теңгелік ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сондай-ақ, халықаралық, республикалық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздар мен олардың ата-аналарына Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым вице-министрінің алғыс хаттары табысталды.
2021-2022 жылғы оқу жылы облыс үшін жеңісті жыл болды. 95 оқушы облыстың атын қорғап, түрлі республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдегер атанса, сәуір айында өткен республикалық пәндік олимпиада да облысы қоржынына 55 медаль түсті. Мұнайлы өлке білім бәсекесінің көрсеткіші бойынша еліміздің 19 ірі облыс-қалаларының арасында ІІІ орында.
А.Жұмабергенова