Жуырда Петропавл қаласында муай-тайдан «Солтүстік Кубок» атты республикалық турнир өтті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 15 командадан жиналған 300-ге жуық спортшы бақ сынасты.
Бұл сайыс Тайланд елінде тамыз айында балалар мен жас-өспірімдер арасында өтетін Әлем Чемпионатына қатысатын ҚР құрама сапын анықтау үшін өткізілген іріктеу болатын. Дүбірлі додадан атыраулық муайтайшылар 4 алтын, 7 күміс, 8 қолаға қол жеткізді. Соның ішінде аудан спортшылары Қайратұлы Рамазан, Сабырұлы Артур, Өтегенов Еламан алтыннан алқа тақса, Құрманғалиұлы Әли, Жолдығали Парасат күміс жүлдеге ие болды. Болатқали Әли, Құтқожин Әмірхан, Тынышқалиев Жомарт, Бисенбай Арсен, Ануаров Абухасан қола жүлдені місе тұтты. Жарыс соңы гала-финал-ға жалғасып, муайтайдан кәсіпқойлар арасында тартысты жекпе-жектер ұйымдастырылды. Төрт жекпе-жек өткен сайыста, жерлесіміз Әбіл Галиев ресейлік Кузнецов Иванмен кездесті. Оны 3:0 есебімен жеңіп, команда қоржынын тағы бір алтынға толтырды. Әлем чемпионатына жолдама алған чемпиондарға сәттілікті серік етіп, жеңіс тұғырынан көрінулерін тілейміз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА.