Оқушылар мен студент жастардың есірткі, ішімдік, темекінің қаншалықты адам денсаулығына зиян әкелетіндігінен терең хабардар болуы тиіс.
Міне, осы мақсатта жастарды мәдени шараға араластыру үшін Доссор мәдениет үйі өнерпаздары «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен кент тұрғындарына кешкі демалыс кешін ұйымдастырды. Шара барысын Доссор селолық ауруханасының нарколог дәрігері Сәлима Қуантырқызы баяндама оқып ашып, жастарға брошюралар таратылды. Кеш барысында Ринат Бисенов, Қайырбек Бағытов, Тілекші Хамидолла, Думан Құрмашев, Аманат Базарғалиев, Амандық Төлегенов, Ерболат Бөрібаев, Гүлнұр Мұратова, Мәжитова Тоғжан, Айнұр Садуақасова, Гүлжан Бисеханова әсем әннен шашу шашып, дүйім көпшілікті өнерлерімен тәнті етті. «Еркем-ай» би тобы «Жастар» биін билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Доссор құрамасы» әзілкештері қызықты әзіл ойындарын көрсетіп, көрерменді бір серпілтіп тастады. Көңілді шараның соңы жастардың би кешімен жалғасты. Дана халқымызда «Сақтанғанды сақтайды» деген сөз бар. Сондықтан жаман әдет, жат қылықтан аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстанғанымыз жөн болар.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Сурет автордікі.