Сырнайшы Мұхаддас сыр шертті

(0 Votes)

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, Италияда өткен байқаудың Гран при иегері, белгілі сырнайшы Мұхаддас Рыспайұлы Ғабдиевпен кездесу кеш өтті.

Аудандағы балалар кітапханасы ғимаратында орналасқан «Рухани жаңғыру кіші жобалық кеңсесінде» ұйымдастырылған кездесуге мәдениет қызметкерлері, оқырмандар, белсенді жастар қатысты.

Кеш кейіпкері, қазақ музыкасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен, күй қағаны Рыспай Ғабдиевтің ұлы Мұхаддас өзінің өнер саласына қалай келгенін, қай кезде сырнайды үйрене бастағаны туралы баяндап, аудан жастарымен еркін форматта сұхбаттасты.Кездесуге М.Ғабдиевтің жары, Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясының мұғалімі Гүлжан мен домбырашы інісі Арыстанбек те куә болды. Кеште өнерлі отбасынан шыққан Ғабдиевтер сырлы сырнайдың үніне құлақ түргізіп, қос шекті қара домбыраны үндестіре күй шертті. Өнер сүйер тыңдарманға рухани тағылымы мол кеш сыйлаған қонақтарға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Ермеков ризашылығын білдіріп, ауданымыздың мәдени өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен Р.Ғабдиевтің ізін жалғаушы, асылдың сынығындай ұлдарына шығармашылық табыс тіледі. Жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Қаржауова аудан жастары атынан ілтипат хат пен естелік сыйлық табыстады.

Доссордағы шығармашылық кеш Доссор мәдениет үйінде жалғасын тапты. Өнер халық көптеп жиналды. Кеште күй әлемін бағындырған сырнайшы Мұхаддас Рысбайұлы баянда «Қос ішек», «Терісқақпай», «Адай», «Байжұма» сынды әдемі күйлер орындады. Кеш қонақтары сырнайшының бауыры Арыстанбек Ғабдиев және ұлы Артур Ғабдиев сахнаға шығып, «Қоштасу», Динаның «8 март» күйлерін қазақтың қос ішекті қара домбырасында орындап, ерекше туындыларын көрермен назарына тарту етті. Құлаққа жағымды, әсем дауысты жас әншілер Ф.Кәрім және П.Жарасова әдемі әндерімен көпшілікті баурап алды. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Н.Ерғалиев қонақтарға шығармашылық табыс тілеп, аудан әкімі Жұмабай Қарағаевтың атынан ықылас гүлін табыс етті. Өнерін өмірімен өрнектеген сырнайшының кешіне келген көрерменнің көңілі көтеріңкі болды.

Ә.ҚАСЫМ,

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT