Кеше ғана көршілес Маңғыстау облысынан жүлдемен оралып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген Мақат балалар-жасөпірімдер даярлық клубының шәкірттері тағы да олжалы болды. Бұл жолы олар Атырау қаласында өткен республикалық "Жас динамошылар" турирінде топ жарды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 2009-2010 жылғы жас палуандар арасында 24 келі салмақ дәрежесінде Кәусар Нұрпейіс бірінші орынға табан тіреп, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, 40 келі салмақ дәрежесі бойынша ақтық кезеңге дейін айқасқан Қарақат Жолдас қарсыласына тек финалда ғана есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Сондай-ақ, 32 келі салмақта сынға түскен Жанерке Аманқұлқызы мен 42 келіден Арман Лұқпан үшінші орын және де 29 келі бойынша Жанболат Серікұлы үздік үштікті түйіндеді. Бір айта кетерлігі, жүлдегерлеріміздің барлығына да "спорт шеберіне үміткер атағы" берілді. Ендеше шеберліктеріңді шыңдай түсіп, шың басынан көріне беріңдер Абзал Мәлікұлының шәкірттері.
А.САДЫҚОВ