Өткен аптада Халықаралық отбасы күніне орай аудан әкімдігі аудандық мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы» ұлттық сайысын ұйымдастырып, мерейлері үстем, өнерлі де өнегелі отбасыларын марапаттады.
Салтанатты шара аудан әкімі Жұмабай Ғаббасұлы Қарағаевтың мерекелік құттықтауымен бастау алды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 23 сәуірдегі №669 Жарлығымен жеті және алты бала туып тәрбиелеген батыр аналар алтын және күміс алқалармен марапатталды. Олардың қатарындағы Назгүл Нысанбаеваға алтын алқаны, Гүлназ Кудасова, Мейрамгүл Әбілғазиева, Фарида Бабатоваға күміс алқаны аудан басшысы табыстады. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық додасына қатысқан 7 шаңырақ кезегімен сахнаға көтерілді. Бұл отбасылар – ел ішіндегі мақтаулылар. Халық мүддесіне қызмет еткен, ерен еңбектің иелері. Спортта бағы жанғандар. Білімде ізденісі молайғандар. Аталмыш байқаудың қорытындысы бойынша алғыс хатқа бәйгетөбелік Жұбанышевтар отбасы ие болды. Әулет қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен ортасына сыйлы отбасы. Бақыт апай ері Жұбанышев Айтбаймен 1975 жылы шаңырақ көтеріп, 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Балаларының бәрі де еңбекке араласып, өз мамандығын алған мамандар. Ұлы Айтжан мен қызы Нұргүл бірлескен кәсіпорын қызметкерлері болса, Мейрамгүл мен Ержан орта мектепте мұғалім. Жәкиевтер отбасы теміржол саласына ден қойып, оны әкеден балаға жалғап келеді. Отағасы Дәлу 1951 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. Ес білгелі туған аулының теміржол саласының дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Жұмысшыдан бастап машинист, инженер-технолог мамандығына дейін атқарды. Ұлттық компанияның құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен марапатталған.1976 жылы Бектурлиева Сағирамен шаңырақ көтеріп, 5 бала дүниеге әкеліп, барлығын үлгілі, тәрбиелі етіп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Ұлдары Ғалымжан, Ғабит әке жолын қуған теміржолшылар. Мақаттық Доскалиевтер отбасы 1 ер, 3 қыз бала өсіріп, 17 немере және 1 шөберенің қызығына бөленіп отыр. Досқалиев Жамбыл қырық жылға жуық мұнай саласындағы ерен еңбегі үшін Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің «Мақат мұнай кен орнына 90 жыл» ескерткіш белгісімен, 2011 жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ «Доссор мұнай кен орнына 100 жыл» ескерткіш белгісімен марапатталды. Бір кездері еңбегімен елге таныған болса, бүгінде қария ел ішінде батагөй ақылшы қарт қатарында халық арасында абырой беделге ие болып жүр. Доссорлық Базарғалиевтер отбасының балалары үздік білім, үлгілі тәртібімен танылған. Жеңісбек пен Әлия 1991 жылы шаңырақ құрып,5 баланы дүниеге әкелді. Қыздары Тоғжан, Айнагүл Райса мектепті үздікке аяқтаса кейінгілері Қарашаш, Ақсерік оқуда озат. Отағасы Жеңісбек «Сазанқұрақ» серіктсегінде мұнай құю операторы болып жұмыс жасайды. Жұмыстағы жетістіктері үшін компанияның Құрмет грамотасын иеленген. Базарғалиевтер отбасы үлгілілер қатарында облыс әкімінің қабылдауында болды. Жанұялық жарыстарға белсенді қатысып келеді. Екінші орынға ие болған мақаттық Шынтасовтар отбасы ауданға салауатты өмір салтын ұстанған шаңырақ қатарында танымал. Мақат желілік өндірістік басқармасында қызмет ететін Ерлан Шынтасов спортты да егіз алып келеді. Аудан спортының дамуына еңбек сіңіріп келетін Е.Шынтасовты жергілікті басқару орны да әрқашан бағалап, қол ұшын беріп келеді. Ол тәрбиелеген шәкірттері талай рет ел чемпионатын бағындырып, халықаралық, Азия, Еуропа чемпионатының жүлдегерлері атанып келеді. Отбасында үш бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы Самал орта мектепте мұғалім. Абыройлы еңбек иесі атанған мұғалім алдынан жүздеген шәкірт дәріс алып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Үлкен ұлы Серікболсын Қ.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған колледжінің студенті.
«Қазақстан Республикасының спорт шебері». Ол еркін күрестен 1 мәрте, дзюдодан 3 мәрте Қазақстанның чемпионы, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Азия, Еуропа чемпионатының алтын, күміс жүлделерін иеленген, әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ересектер тобының чемпионатында күміс жүлдені қанжығалады. Одан кейінгі балалары Мансұр мен Зере орта мектепте оқиды. Бірінші орынды доссорлық Галиевтер отбасы иеленді. Олар облысқа танылған спортшылар отбасы. Галиев Мейрам 1970 жылы 1 мамырда Доссор кентінде дүниеге келген. Жұбайы Ахмесова Рысгүлмен 1988 жылы отау құрып, 4 бала дүниеге әкелді. Үлкен ұлы Исламы отау құрып, олардан да немере сүйіп отырған жайы бар. Одан кейінгі Ищан, қыздары Мира мен Лира. Мейрамның бапкерлік еңбек өтілі -26 жыл. қызмет атқарып келеді.
Қазіргі уақытта Каратэден қара белбеу I-дан иегері, Қазақстан чемпионы. Бүгінгі күні «Доссормұнайгаз» ӨБ-сы «Ботақан» автокөлік керуеніне жүргізуші болып еңбек етуде. М.Галиев ересектер арасында 15 Қазақстан чемпионын, 5 спорт шеберін, 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебелерін дайындап шығарды. Әке жолын қуған екі ұліы бүгінде Доссор жасөспірімдер спорт мектебіне жұмыс жасайды. Үлкен ұлы Ислам Муайтайдан спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы,бірнеше дүркін Қазақстан кубок иегері. Ищан спортпен 6 жастан бастап шұғылданады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 13 дүркін Қазақстан чемпионы. Әлем кубогінің иегері. Еуропа чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Азия ойындарының күміс жүлдегері. Доссорлық Ғинаятовтар отбасы байқаудың бас жүлдесіне ие болды. Ғинаятов Естай жоғарғы санатты ұстаз. Жұбайы Тәнзиламен бірге 5 баланы дүниеге әкелді. Бүгіне олардан өрген немере-жинедерінің қызғына бөленіп отыр. Аудан мәдениетінің өсіп өркендеуіне зор үлес қосып келетін Е.Ғинаятов 40 -қа жуық өлеңге ән жазды. Республикалық, БүкілОдақтық және Халықаралық байқаулардың лауреаты. Ұстаздық еткен жылдардың ішінде көптеген шәкірттерді өнер жолына баулып тәрбиеледі.
Олардың қатарында өз білімдерін музыка колледжінде, консерваторияда жалғастырған, ауданға, облысқа, республикаға танымал шәкірттері де көптеп саналады. Е.Ғинаятов ҚР Білім және ғылым министрінің құрмет грамотасын, әр жылдардағы аудан әкімі, мәдениет бөлімі, басқарма басшысының алғыс хаттарымен марапатталған. Музыка саласындағы жетістігін өздерінен өрген балаларының да осы салаға ден қоюы деп біледі. Үйдегі бейбітшілік пен түсіністіктің, махаббаттың үстем болғанын жаны қалайтын отбасы абыроймен балаларына деген махаббаты арқылы, отанасына деген сүйіспеншілігі мен түсіністігінің арқасында, отағасының бейбітшілігінің арқасында бас жүлдеге қолдары жетті. Ұлттық “Мерейлі отбасы” сайысына қатысып, мерейлері үстем болған жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Марапаттау сәтін ауданық мәдениет үйі өнерпаздары әнмен, бимен әрледі. Жеңімпаз отбасылар облыстық байқауға қатысып, бақтарын сынайды. Ендеше, жеңімпаздарымызға сәттілік тілеп, қоғамның алтын діңгегі отбасы екендігін дәлелдеп, мәртебесін көтере берсін дейміз.
Г.САЛИКОВА.