Мәдениет саласының қызметкерлері айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталманы ретінде өнерге берілген өнерлі жандар.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерейлі мерекесі мәдениет саласының қызметкерлері үшін ерекше күн. Аталған мереке қарсаңында мәдениет ардагерлері мен қызметкерлеріне арналған кең көлемде мерекелік кеш өтті. Кеш «Шаттық» би тобының мың бұралған биімен ашылды. Алғашқы сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірнші орынбасары Ә.Мендалиева өнер иелерін төл мерекелерімен құттықтап, аудан көлемінде өтіп жатқан ізгілікті, игілікті іс-шаралардағы үлесі туралы атап өтті. Аудан мәдениетінің өркендеп қанат жаюына тілектестігін білдіріп, аудан мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Үздік адамдар» Халықаралық энциклопедиясы редакциясының Президиум төрағасы Бруидың атынан І-дәрежелі дипломымен және Халықаралық сараптама кеңесі төралқасының ұсынысымен «Даңқ галлереясы» номинациясы бойынша «Сіңірген еңбегі үшін» орденімен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Ермековті, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының алғыс хатымен мәдениет,кітапхана қызметкерлерін марапаттады.
Содан кейін құттықтау тілегін жолдаған Мақат кенті әкімі Б.Жайкин облыстық ғылыми әдістемелік халық шығармашылық орталығының алғыс хатымен мәдениет қызметкерлерін марапаттаса, Доссор кенті әкімі Е.Ермағамбетов өз атынан Доссор кенті мәдениет үйінің бірқатар қызметкерлерін марапаттап, алғысын білдірді. Құттықтау тілекті жалғаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Ермеков ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек етіп, мәдениет саласынан зейнеткерлікке қалған ардагерлерді марапаттады. Сондай-ақ, аудан көлемінде өтіп жатқан мәдени шараларға белсенді қатысушыларды көрермені мен тыңдаушыларына рухани нәр сыйлап, халықтың қуанышына бөленіп жүрген бірқатар мәдениет жанашырлары мен мәдениет саласының дамуына, өркендеуіне үлес қосып жүрген қызметкерлерді бөлім атынан құттықтап, алғыс хат табыс етті. Кеш мәдениет қызметкерлеріне арналған мерекелік дастарханмен жалғасын тапты.
А.МАСАТҚЫЗЫ.
Сурет автордікі.