Саяның сиқырлы әлемі

(0 Votes)

Ауданымызда аудандық халық-ұлт аспаптар оркестрінің алар орны ерекше. Себебі халық шығармашылығын кеңінен насихаттауда аталған оркестрдің атқарар жүгі жетерлік.

Мақат аудандық мәдениет үйінде аудандық халық ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері, республикалық дирижерлар байқауының лауреаты Сая Жұмашеваның шығармашылық кеші өтті. Кешке аудан әкімі, мекеме басшылары мен өнер сүйер қауым қатынасты. Мәдени кеш оркестрдің тарихы жайында бейнебаяннан басталды. Мақат аудандық халық ұлт-аспаптар оркестрінің негізін 1966 жылы Рысбай Ғабдиев қалаған болатын. Сол жылдардан бері шығармашылығына жан бітіріп келетін оркестр бүгінде өз жұмысын тоқтатқан емес. 1973 жылы халық композиторлары: Құрманғазы мен Динаның құрметіне өткізілген облыстық «Күй» мерекесінде бас жүлдені жеңіп алды. Сол жылы Қазақ ССР-і мәдениет министрлігі коллегиясының шешімімен оркестрге «Халықтық оркестр» атағы берілді. Бұдан кейін де оркестр көптеген жүлделі орындарды қанжығалады. Жалпы халықтық ұлт-аспаптар оркестріне жанашырлық танытып, ел игі үшін істер атқаруға Рысбай Ғабдиевтей «күй қағаны» тер төккен болса, одан кейін Сағынбек Мұханбетжанов оркестр тізгінін ұстады.

Кейін 1996 жылдан бастап Аманқос Түсіпқалиев ағай 16 жыл бойы жетекшілік еткен еді. кейіннен Аманқос ағайдың шақыртуымен Сая Ғалымжанқызы аудандық халық ұлт аспаптар оркестрінің тізгінін өз қолына алды. Міне, содан бері 6 жылдан аса уақыт мәдениет майталмандары салған ізін жалғастырып келеді. Қазіргі оркестрдің репертуарында Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Е.Үсенов, Ж.Еңсепов, Сүгір, халық әні т.б.күйшілеріміздің 54 күйі болса, 28 шығарма мен 44 әндері бар. Оркестр дүниежүзілік жастар мен студенттердің Х фестивалінің лауреаты, Болгар Халық Республикасында өткен 6-ші халықаралық фестивальдің алтын медаль иегері, облыстық «Ақ ерке-Ақ Жайық» фестивалінің бас жүлдегері, С.Құсайынов атындағы сыйлықтың иегері, Республикалық «Жұбанов көктемі-2016» халықаралық халық аспаптар оркестрлері мен ансамбльдері фестивалінің 3 орын иегері атанған. Кешті Түркештің «Көңілашар» күйімен ашып, одан әрі Қ.Ахмедияровтың «Қос басар», А.Жайымовтың «Тойбастар», Ықыластың «Жез киік» күйлерімен мазмұнды шараның сәнін келтірді. Енді бір сәтте оркестрдің сүйемелдеуімен мәдениет саласының үздігі К.Тулебаеваның орындауында халық әні «Ақтолғай» мен «Әриайдай» шырқалды. Орындаушы шеберлігіне тәнті болған көпшілік қошеметін аямады. Кеш қонағы Республикалық байқаулардың лауреаты, атыраулық өнерпаз Жанна Аманованың орындауында халық әні «Шымыр» мен Ақтамберді жыраудың «Жайық деген жанды су» термесін көрермендер жылы қабылдады.

Сонымен қатар, республикалық дирижерлер сайысының лауреаты Сая Жұмашеваның тағы бір қыры көрерменге ұсынылды. Ол қос ішекті қазақ халқының аспабы – домбырада ойнау болатын. Сая Қ.Ахмедияровтың «Нұрғиса», Н.Тлендиевтің «Махамбет», Құрманғазының «Адай» күйлерін шебер орындап, көрерменін бір желпінтіп тастады. Сиқырлы таяқшаның сазы сыйлаған шара соңында аудан әкімі Б.Сәрсенғалиев сахна төріне көтеріліп, Сая Жұмашеваның еңбегіне сәттілік тілеп, құттықтау хатымен гүл шоқтарын табыс етсе, ұстазы Естай Ғинаятов шәкіртіне алғаш өнер мектебін аттаған сәттерінен естелік айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT