Өнер мектебі Ғабдиевтің атында

(0 Votes)

Апта басы жағымды жаңалықпен басталды.

 

1962 жылы Доссор кентінде 1962 жылы құрылған балалар саз мектебіне (қазіргі өнер мектебі) негізін қалаған Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор, «Парасат» орденінің иегері Рысбай Ғабдиевтің есімі берілді. Туған жеріміз талантты, дарынды ұл-қыздарынан кенде емес. Бір кездері қазақ пролетариатын қалыптастырған қарт Ембінің қара шаңырағы Доссор кенті де талай марғасқалардың табаны тиіп, адал еңбегімен есімдері аудан тарихында алтын әріппен әйгіленгені белгілі. Солардың қатарында күй қағаны Рысбай Ғабдиев бар. Шара өнер мектебіне қойылған ескерткіш тақтаны ашу рәсімінен бастау алды. Жиналған көп алдында сөз алған аудан әкімі Жұмабай Қарағаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының іс жүзіндегі орындалыс табуымен орайластырды.

Тақтаны ашу құрметіне аудан басшысы Ж.Қарағаев пен Ғабдиевтің ұлы Мұхаддас ие болды. Келген қонақтар өнер мектебін аралап, балалар шығармашылығымен танысты. Бүгінгі таңда мұнда 15 сынып бойынша 320 оқушы тәлім алуда. Өнерге ден қойған шәкірттер елімзде ғана емес, алыс-жақын шетелдерді өнерімен бағындырып жүр. Салтанатты шара одан әрі Доссор мәдениет үйінде жалғасын тапты. Кеш барысында аудан басшысы Ж.Қарағаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жөн-жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рух бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениеттің бір парасы ғана» деп атап өткен болса, соның жанды көрінісі бүгінгі шарамыз деді. Сондай-ақ, 1960-1992 жылдары оркестр мүшесі болған, ардагер Қабдол Өтепов, саз мектебінің бұрынғы директоры Серікбай Отаршиев сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Күй қағаны туралы түсірілген деректі фильм, ұрпақтарының орындауындағы шығармалар тамшаланды. Кеш барысында «Мөлдір мұнай» фольклорлық ансамблі Иса Байзақовтың «Желдірме» күйін, Сүгірдің «Бозінген» күйін тамаша орындаса, Нұржан Сақуатов Құрманғазының «Төремұрат» күйін тамылжыта орындады, Ринат Бисенов «Самға» әні, домбырашылар дуэті, «Шаттық» би тобы көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл өшпес өнерден сусындатып, ерекше рух сыйлаған шуақты кеш болды.

Е.МЫРЗА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT