Қостанай қаласында маусымның 10-14 аралығында Муайтайдан ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Аталмыш спорт түрінен жоғарғы көрсеткіш көрсетіп жүрген Доссор кенті муайтайшылары бұл жолы да мықтылықтарын дәлелдей білді.
63,5 келіде Әбіл Галиев, 60 келіде Ищан Галиев және 54 келіде Еламан Саясатов қарсыласқа шақ келтірмей, алтыннан алқа тағып, ел чемпиондары атанды.
Осылайша Ищан Галиев он төрт дүркін, Әбіл Галиев он дүркін, Еламан Саясатов он алты дүркін Қазақстан чемпионы атанып, өз баптарында екенін тағы да дәлелдей түсті.
Бірақ бұл мақсатқа жеткізер жолдың алғашқы қадамы. Еламан 6-шы шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы белдігі үшін кездесу өткізбек. Одан әрі чемпиондарды Тайланд елінде өтетін кезекті әлем чемпионаты күтіп тұр.
"Мақсатымыз қалай да әлем чемпионы атағына қол жеткізу. Қазақстан чемпионатына бапкерлеріміз Галиев Мейрам мен Галиев Ислам тыңғылықты дайындады. Бұның бәрі ең алдымен білікті бапкерлеріміздің арқасы. Алда бүкіл Қазақстанның намысын қорғайтын үлкен сайыстар күтіп тұр. Сол себепті дайындықты күшейте береміз",- дейді спортшылар.
М.Ізтұрғанова