Атырау қаласында Берік Қорқытов шығармашылығына арналған «Шынайы шымылдық» атты Халықтық театрлар мен драма ұжымдарының облыстық фестивалі өтті.
Оған қала және аудандардан «Халықтық» атағы бар 16 театр мен 4 драма ұжымдары қатысқан болатын.
Аталмыш фестивальге аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Халықтық» театры қатысып, Олжас Жанайдаровтың «Жұт» трагедиясын сахналады. Өз шеберліктерімен көптің көңілінен шыққан аудан өнерпаздары фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік халықтық театр» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Ж.Аманиязовтың 2023 жылдың 18 мамыр № 05-08-3/48н бұйрығымен аталмыш ұжымға «Халықтық» атағы қайта рәсімделді.
Үш күнге созылған фестиваль аясында театр, драма ұжымдарының жетекшілері арасында «Актерлік шеберліктің негізі» атты теориялық шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Шеберлік сыныбын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының режиссер-сценаристі Шағуан Үмбетқалиев және аталмыш театрдың сценарист-драматургі Болатбек Ұлан өткізді. Театр мүшелері шеберлік сабағына қатысып, өз шеберліктерін шыңдап, сертификатқа ие болды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА