3-14 мамыр күндері Тайланд елінің астанасы Бангкок қаласында муайтайдан әлем чемпионаты өтті. Байрақты додаға 110 елден 2500 спортшы қатысты. Әлем Чемпионатының жүлдесі ересектер (А класс) мен U-23 (В класс) екі жас ерекшелігі бойынша сарапқа салынды.
Бұл дүбірлі додада еліміздің намысын 23 спортшы қорғаса, олардың қатарында аудан спортшылары Әбіл Галиев (63,5 келі) пен Нұрлыбек Ордабаев (57 келі) болды.
Әбіл ақтық сынға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанса, Нұрлыбек алғашқы кездесуінде ауғандық спортшы Саед Мосавиге ұтылып, жарысты жеңіліспен аяқтады.
Әбіл Галиев алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық спортшы Бекзод Амановты жеңіп, ширек финалға шыққан болатын. Ал ширек финалда Израиль спортшысы Фади Абу Кабитаны ұпай санымен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда италиялық Диего Форначиаримен кездесіп, төрешілер 27:30 есебімен жеңісті Әбілдің еншісіне берді. Финалда түркиялық спортшы Серкан Кочпен кездескен Әбіл ұпай санымен ұтылып, күміс жүлдегер атанды.
Осыған дейін Азия чемпионы (2019 жыл) және Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2021 жыл) атанып үлгерген Әбіл Галиев өз туған күнінде қоржынын Әлем чемпионатының күміс жүлдесімен толықтырды.
Айта кету керек, Ұлттық құрама спортшылары әлем чемпионатында 2 алтын, 1 күміс және 4 қолаға қол жеткізіп, жалпы командалық есепте алтыншы орын алды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА