Ағылшындар ойлап шығарғаннан бері футбол спорты жер жүзіне кең тарап, әлемге аса танымал ойындардың біріне айналды. Жуырда ғана төрт жылда бір өтетін дүбірлі доп додасы болған кезде миллиардтаған адамдардың теледидарға телміргені де сондықтан.
Футболға кейін жағажай футболы, футзал, әйелдер футболы қосылды. Соңғы жылдары елімізде әсіресе футзалға деген қызығушылық ерекше. Азаматтық алған бразилиялықтармен толыққан ұлттық құрамамыздың жетістіктері спорттың бұл түрімен айналысушылардың қатарын көбейте түсті. Бір жағынан кез келген жыл мезгілінде ойнау мүмкіндігінің болуы оның артықшылығы болып тұр.
Қазіргі таңда біздің аудан футзалдан облыс бойынша ең жоғары нәтижемен танылған. Оның дәлелі төрт футбол командамыз Атырау жоғарғы лигасында ойнаса, төрт ойыншымыз облыс намысын қорғайтын кәсіби клубта өнер көрсетіп жүр.
Жақында аудан футзалын жаңа бір деңгейге көтеруді мақсат қылған аудан әкімі Ринат Хисаұлы үздік ойыншылардың басын біріктіру мақсатында қоғамдық бірлестіктің ашылуына бастамашы болған еді.
Өткен жұмада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жаңадан құрылған «Мақат футзал командасы» қоғамдық бірлестігінің жұртшылыққа таныстырылымы өтті. Аудан әкімі Ринат Ибрагимовтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары Азамат Шаңғалаев пен Бекәділ Жайкин, командаға демеушілік танытқан «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» компаниясының Атырау филиалының кадр бөлімінің басшысы Руфина Мұхамбетова, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов, «Мақат футзал командасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Бекенов және команда мүшелері қатысты.
Алдымен сөз алған аудан әкімі жаңа командаға сәттілік тілеп, жергілікті спортшыларға қолдау танытқандықтары үшін «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б. В.» және «West Dala» ЖШС мекемелеріне өз алғысын білдірді. Кейін компания өкілі, аудан әкімі және қоғамдық бірлестік төрағасы ойыншыларға су жаңа жейде табыстады.
Жиынға қатысушылар атынан құттықтау сөз сөйлеген ардагер футболшы Марат Нұрмақов облыс орталығындағы аудан командаларының ойындары жанкүйерлерге лық толы болатындығын айта кетсе, Ринат Ибрагимов бүгінгі бастама болашақта кәсіби клубтың құрылумен жалғасын табуына күш салатындығын жеткізді.
А.Есжан