Доссорда мұнайлы өңірде туып-өсіп, өмірдің ащысын да, тәттісін де көрген, ел басқарған белгілі азамат, белгілі мұнайшы туралы қаламгердің жаңа кітабының тұсауы кесілді.
Доссор мәдениет үйіндегі кешке кент ардагерлері, ұстаздар, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Мамандық атауына адамшылық пен азаматтық істі, кәсіби маманның атқарған қызметі туралы сыйғыза білген Қазақстанның құрметті журналисі», «Мақат ауданының Құрметті азаматы», журналист Қаржаубай Сұлтанғалиұлының кітабы «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, ҚР Президентінің «Құрмет грамотасы», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Еңбек ардагері», «Францияның өнеркәсіпті қолдау қауымдастығының» алтын медальдарының, «Мұнай өнеркәсібінің үздігі» белгісінің иегері, мұнайшы Мақсот Қилыбаев туралы жазылған.
Кітап авторы еңбегінің жазылу тарихымен бөлісіп, тарау-бөлімдерімен таныстырып өтті. Басылымда мұнай иісі сіңген мұнайшы ағамыздың өмір деректері, еңбек жолындағы ерліктері, білім-тәжірибесі, балауса жастық шағынан күні бүгінге дейінгі естеліктері жазылып, сондай-ақ, ол туралы әңгімелер мен өлең-арнаулар жарияланған. Мұнайлы өңірді басқарып, мұнайшылар өмірімен жете таныс, саланың жетекші қызметкерлерімен бірге өткізген мезгілдердегі атқарған істері де кітапта кеңінен орын алды. Бір кездегі зейнеттегі ардагер мұнайшылар мен жалпы тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға арналған қор құруға да мұрындық болған Мақсот Байболұлының ісі жергілікті халықтың жадында. Сол себепті де, бұл кітап кейінгі буын өкілдеріне, жұмысшыларға тағылымы мол көмекші құрал болады десек қателеспейміз.
Жалпы кітап жиырма жыл бұрын жергілікті жазушы, аудан баспасөзінің тарихында аты қалған қаламы қарымды журналист Қажымұқан Елеместегінің бастамасымен қолға алынған. Кейін, Қаржаубай Сұлтанғалиұлы замандасының ісін жалғап, аяқсыз қалған істі қолға алып, кітаптың оқырманның қолына тиюіне бір кісідей атсалысты. Кеш барысында кент әкімі Ербол Ермағамбетов Мақсот Байболұлына ата салтымызбен шапан жауып, «Алғыс хатын» табыстады. Сөз кезегін алған қонақтар да қарап қалмады, естеліктерімен бөлісті. Жеңіс Қанатбаев және Діңғали Дәулетбаев аталмыш еңбек жайындағы пікірлерін ортаға салса, Қуат Мыңтұрғанов ыстық лебізін өлеңмен жеткізді. Мұнайшының замандастары, достары, аға-інілері өздерінің ақжарма тілектерін жаудырып, бірге өткізген кездерін еске алды. Ыстық лебіздер арасында әнші Гүлжан Бисаханованың орындауында «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әні шырқалды. Кітаптың таныстырылымының соңында кештің басты кейіпкері Мақсот Байболұлы жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, жастарды отансүйгіш болуға шақырды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА.
Суреттер автордікі.