Ынтымағы жарасты ауыл азаматын еске алды

(0 Votes)

30 тамыз - Ата Заң қабылданған күні халық арасында "қазақ ауылдары" атанып кеткен 2-ауылдың тұрғындары футболдан ауыларалық ашық турнир өткізді.

Түс мезгілінде Мақат кентінің үлкенді-кішілі тұрғындары әдемі саз әуелеген 2-ауылда орналасқан ойын алаңына жинала бастады. Футболшылар бірыңғай жиналып, командаларына ат қойып жатса, үлкендер жағы қауқылдасып, бірін-бірі еліміз үшін қастерлі мерекемен құттықтады.

Ашық аулада Әнұран ойналып, бұл күні 2-ауылдың спорт алаңында Еркін Айтжановты еске алуға арналған ауыларалық футболдан ашық турнир жалауын көтерді. Додаға 6 команда қатысып, жеңіс тұғырынан көріну жолында тер төкті Көпшілік асыға күткен футбол сайысы басталып, ашық алаңда «Еркін» және 1-ауыл командасы кездесті. Алғашқы кездесуде «Еркін» командасы басым түсті. Кеш батқанша тартысты ойынды қыздырған ойыншыларды тамашалаушылардың қарасы көп болды.

Жарысқа қатысушылардың барлығы да жаз бойы шағын алаңдардың шаңын қауып, ысылған, дайындықпен келген командалар. Нәтижесінде, үздіктерді таңдауға да мол мүмкіндік болды. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Мұса Баймұқанов» командасы иеленсе, 2-орынды «3-ауыл», үшінші орынды «Еркін» командасы еншіледі. Жеке ойыншылар арасынан «Үздік ойыншы» атағын Ұлбек Каримов, «Үздік шабуылшы» атағын Артур Салықов, ал «Үздік қақпашы» болып, Алтынбек Қанатбаев танылды.

Барлық қатысушылар да турнирді ұйымдастырушы 2-ауыл тұрғындары және демеушілер: Еркіннің ағасы Ахмет Айтжанов пен Мұхтар Дәулетовтің дайындаған сияпатынан тыс қалмады. «Туған жердің түтіні де ыстық» дегендей, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауылдың ер-азаматтарының ізгілікті тірліктері арқасында ел мүддесі үшін атқарылып жатқан игі істер көп-ақ. Әрине, сондай бастамалардың басында белсенді азаматтардың жүретіні анық.

Соның бірі – Еркін Айтжанов болатын. Кішкентайынан спортқа үйір азамат айналасына жолдас-тарын да ерте білетін. Бар ауыл бірігіп, балалар үшін ойын алаңын жасап, онда ауыл тұрғындары доп теуіп, қызығын көрген кезде қуанышта шек болмады. Кейін қыс мезгілінде балаларға мұз айдынын жасауды да ауыл азаматтарына үгіттеген өзі болатын. Ынтымақты ауыл қашан да ұлттық мерекеде біріге киіз үйін тіксе, қыста шырша құрып, оның айналасына жиналған бар баланы тәттісіз қалдырмауды ойластырды. Жас болса да, көп біріксе, алынбайтын қамал жоқ екендігін ауылдастарына дәлелдеп өткен азамат еді. Бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарының бұл бастамасына ауданның құрметті азаматы Орақ Деңгелбаев оң баға беріп, спортшыларға сәттілік тілесе, кент әкімінің орынбасары Айбат Құбаев мерекемен баршасын құттықтап, алдағы уақытта кентте жүзеге асар шаруалардың бірқатарымен таныстырды.

Турнирдің ашылу құрметіне жайылған дастархан басында ауылдың үлкендері марқұмды еске алып, құран бағыштады. Салауаттылықты серік еткен ауыл тұрғындарының ісіне сәттілік тілесті. -Ауылдың тыныс-тіршілігі мен қым-қуыт күрделі проблемасын санасына сіңіріп өскен азамат деген жақсы ғой. Ауыл туралы ұдайы ойлап, қамқор болып жүрер азаматтар бары қуантады. Қазір, шүкір, мемлекет қамқорлығының арқасында соңғы жылдары аулымыз жаңа бетбұрысқа бағыт алды. Шағын ауылдардың кенттердің өзі гүлденсе, еліміз, барша халқымыз ырысқа кенеледі. Өйткені, ауыл – мемлекетіміздің тынысы, болашағы, мақсат-мұратын іске асыратын қозғаушы күші екеніне дауа жоқ. Біз күні бойы ауылдың үлкендері болып, осы қызықты соңына дейін тамашаладық. Ұрпақтардың жалғастығы деген осы. Азаматтар жағы ұйымдастырды. Балалар жарысқа қатысты. Үлкендер осы қызықты тамашаладық, - дейді О.Деңгелбаев бізбен әңгімесінде.

Г.САЛИКОВА.

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT