Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойы аясында «Әбіш Кекілбаев» және «Самғау» деректі фильмдері түсірілген болатын.
Аталмыш фильм аудандық мәдениет үйінде кент тұрғындарының назарына ұсынылып, көрерменнің таным көкжиегін кеңейтті. Кемеңгердің ғибратты ғұмырының қилы кезеңдеріне көз жүгірткен мұндағы көпшілік фильм басталысымен-ақ, сілтідей тынды.
Бала кезің ұлағат, дана кезің,
Тырнап ашқан сен едің сана көзін.
Кәрі дала сан ғасыр толғатқанда,
Тек Маңғыстау туа алған Дарабозым! -деп жырлаған ақын С.Нұржановтың сөзінің жаны бардай. Себебі Әбіштей ақылман ғасырлардың толғағынан бөлек, құтты топырақтың киесі мен текті анадан жұғысты болған асыл қасиетпен ұштасып дүниеге келген тұлға. Тек демекші, Әбіштің сонау таяғының ұшына ырыс ілініп, алашқа қайырын тигізген жетінші атасы Қожаназардан бастап әкесі Кекілбайға дейін шынжыры үзілмей, келісімі жарасқан сәулетті де дәулетті адамдар. Ол өсіп өнген Таған деген ауылдың жігіттері қара барқыт шапан мен әппақ көйлек киіп жүретін болғандықтан "Ақ төсті алпыс Таған" деген өзге жұрттың сүйсініп қойған атынан бөлек, өзіндік салтанатымен ерекшеленетін "Таған тартыс" деген әйелдерінің орамал тартысына дейін бөлек болған екен.
Осындай қасиетті топырақ пен "уызына жарыған" әулеттің ұрпағы Әбіш туралы әдемі естеліктер мен дара болмысы туралы тебіреніске толы толғаныстар деректі фильмде кеңінен көрініс тапты. Оның әдебиет әлеміндегі Әуезовтің аманатын арқалаған абыройынан бөлек, ел тәуелсіздігін алған тұстағы елдің ел болу жолындағы ерен еңбегі, үлкен қайраткерлігі керемет суреттелген. Осы ретте Елбасы Н.Әбішұлының : «Әбекең – әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелерде кең толғар пайым қажет болғанда қаламына қайраткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуасын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!» деген ойлары айтқымыз келген тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйініндей көрінді.
Дерекке толы фильмде жазушының құйынға ілескен газет қиындысын қуған балаң шағынан, көптеген шығармаларын бітіре алмай арманда кеткен өмірінің соңғы сәттеріне дейін суреттеледі. Айсәуледей анасын көрегенділігі мен шешендігі, оның ұлына артқан үміті мен аналық қамқорлығы да керемет кескінделген.
Кекілбаевтың ойшылдығы барлық өлшемі бойынша әлемнің "мүйізі қарағайдай" ойшылдарының ортасынан ойып тұрып орын алады. Тек оның насихаты жеткілікті болса дейміз. Кекілбаев өзінің тұсында және өзінен кейінгі он шақты жылдың ішінде, бір адамның ғұмырының тұсында ашылып, толық түсіндіріле қоятын тұлға емес.
Оның ойының тереңдігін, көркемдік дүниесінің кемелділігін әлі толыққанды қоғам зерттеп үлгере алмай жатқан тұста, бірер фильммен біраз дүниенің біте қоймасы анық. Бірақ "Жақсыны көрмекке" жиылғандардың көп ақпармен қаныққаны анық.
А.САДЫКОВ
Cуреттер автордікі