Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған мәдени шараға 8000-ға жуық көрермен жиналды
Ұлт руханиятының көрнекті өкілі, Мемлекеттік Әнұранның авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына орай Атырауда кең көлемді мәдени шара өтуде.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өз сөзінде: «Жұмекен Нәжімеденов — қазақ руханиятының темірқазығы, тәуелсіздігіміздің символына айналған Әнұранның авторларының бірі. Бүгінгі шара — жас ұрпаққа рухани мұра қалдырған тұлғаны ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің нақты үлгісі» — деп атап өтті.
Шараға жиналған атыраулықтар еліміздің көк туы мен ақынның бейнесі бейнеленген ерекше мозайканы тамашалап, жергілікті және эстрада жұлдыздарының орындауындағы әсерлі әндерді тыңдауда.
Эстрада жұлдыздарының қатарында Айгүл Үлкенбаева, Нұрлан мен Мұрат, Бейбіт Кушкалиев, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған, “Заман” тобы және өзге де өнер жұлдыздары бар. “Мұнайшы” стадионына жиналған халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Бұл — ұлт руханиятының ұлы тұлғасына деген құрмет пен елдік бірліктің айқын көрінісі.