2024 жылдың 20 қыркүйегінде Іле ауданының Құрты ауылында бір шақырым жол жүрген мың бір өркешті түйеден құралған керуен әлемдегі ең үлкен керуен ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді.
Әлемдік жетістік туралы сертификатты Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард-Уильям Стэннинг табыстап, қазақстандық рекордтың бірегейлігін атап өтті:
«Бұл — ерекше жағдай. Басқа елдерде әдетте жануарларды әртүрлі иелерден жинайды — біреуінде төрт түйе болса, екіншісінде екеу. Ал бұл жерде бүкіл керуен бір ғана иеге тиесілі — бұл рекордты шынымен бірегей етеді. Қазақстан маған зор әсер қалдырды, енді мен бұл елге тек жұмыс бабымен емес, турист ретінде де оралғым келеді».
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әлемдік рекордтың расталуы тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға екенін атап өтті:
«Рекордтың расталуы — бұл біздің мәдени мұрамыз бен ұлттық рухымыздың мойындалуы. Мың түйеден құралған керуен халықты біріктіріп, қазақ халқының дәстүрлеріне деген құрметтің символына айналды».
«Даулет-Бекет» ЖШС директоры, керуеннің бастамашысы әрі иесі Сыдық Дәулетов жобаны дайындауға шамамен алты ай кеткенін айтты:
«Түйелер еркіндікке үйренген, оларды бір жерге жинау оңай болған жоқ. Бірақ мақсат пен сенім болса, мүмкін емес ештеңе жоқ екенін дәлелдедік. Алдағы уақытта шұбат фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз — халқымызға осындай дәстүрлерді жаңғыртатын шаралар қажет».