Атырау қаласында Тәуелсіздік күніне орай және Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Сәуенұлының 60 жылдық мерейтойына арналған дзюдо күресінен ашық республикалық турнир өтті.
Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде өткен жарысқа 2000-2002 және 2003-2005 жылы туылған жасөспірімдер қатысты. Дүбірлі додаға көршілес Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Дағыстан, Ингушетия, Өзбекстан республикасы және еліміздің батыс өңірінен Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы және Атыраудың барлық аудандары мен қаланың спорт мектебінен 250-ге жуық спортшы қатысты.
Марат Сәуенұлының шәкірттері әлемдік додаларда жүлделі орындардан көрініп жүрген алдыңғы қатарлы спортшылар. Самбо, дзюдо және қазақ күресінен көптеген Азия және ел чемпиондарын дайындаған маман. Білікті бапкердің мерейтойына арналған турнирге доссорлық Дінмұханбет Шаменов 66 келі салмақ дәрежесінде қатысып, қарсыласты шақ келтірмей, чемпион атанды. Ол татами төрінде бес кездесу өткізіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.
М.СЕРІКҚЫЗЫ