Аудан төрінде мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған спартакиада барысында спортқа ең жақын деген мақаттық мемлекеттік қызметшілер анықталды. Спортты дамыту – мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі. Сол саясатты жемісті жүзеге асыру үшін әр азамат салауатты өмір салтын ұстануға тырысуы тиіс. Ал мемлекеттік қызметшілер үшін бұл – тіпті, міндет.
Өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жергілікті атқарушы билік өкілдері спорттық ойындар өткізіп, дүбірлі дода да футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жеңіл атлетика бойынша бақ сынады. Осы бәсекелерде бағы жанғандар өз командаларының көшін өрге сүйреді. Арасында әкімдер де, бөлім басшылары да, қатардағы мамандар да болды. Олар кеңседегі жұмысты белсенді спорттық ойындарға алмастырды.
Бұл шараның мақсаты - қызметкерлерді жарыстыру ғана емес, бұқаралық спортты дамыту. Мемлекеттік қызметшілер мен халық арасындағы байланысты нығайту болды. Үш күнге созылған жарыста небір тартысқа толы сәттер мен қызықты бәсекелер де орын алды.
Спартакиаданың алғашқы күні теннисшілер және тоғызқұмалақшылар арасында үздіктер анықталды. Үстел теннисінен әйелдер арасында үздік ойын өрнегін көрсеткен Света Сарбалиева І орынға, Әсел Қаржауова ІІ орынға, Айжан Қонысова ІІІ орынға ие болды. Ал ерлер арасында І орын Нұрлан Исполов, ІІ орын Аслан Нұрпейісов, ІІІ орын Амандық Нұржановқа бұйырды. Тоғызқұмалақ бойынша Нұрлан Исполов және Мейрамгүл Демегенова І орын, Болатбек Сәрсен және Айгерім Жансұлтан ІІ орын, Әсет Хасанов және Айжан Қонысова ІІІ орын алды.
100 метрге жүгіру бойынша Райымбек Исламов, Эльмира Маратова І орын, Әсет Хасанов, Қапия Тұрсынбаева ІІ орын, Ерболат Қырықбаев, Айнагүл Бисалиева ІІІ орыннан көрінді. Сондай-ақ, 50 метрге жүгіру бойынша Нұрлан Исполов, Әсел Қаржауова дес бермесе, Бекзат Нұрмұқанов, Эльмира Маратова ІІ орын және Бисенбай Бушумов, Ақтоты Әлмұқанова ІІІ орынмен марапатталды.
Шағын футбол ойынында «Жалын» командасы топ жарса, «Бәйтерек» командасы ІІ-ші орынға, «Болашақ» командасы ІІІ орынға жайғасты.
Тартысты өткен волейбол жарысында «Болашақ» тобы І орын, «Байтерек» командасы ІІ орын, «Самұрық» командасы ІІІ орынға лайық болды.
Жалпы командалық есеп бойынша аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашеваның «Бәйтерек» командасы үздік атанып, спартакиада кубогына ие болды. Ал екінші орынға аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаевтың «Самұрық» командасы жайғасса, үздік үштүкті аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сәрсеннің «Жалын командасы түйіндеді. Төртінші орынды аудан әкімі аппаратының басшысы Бекәділ Жайкиннің «Болашақ» командасы иемденді.
Өздерінің кәсіби мерекелерінің қарсаңында қызметкерлердің айтуынша, осындай шараның өткізілуі өте пайдалы және де командалық рухты көтеруге әсерін тигізеді. Спартакиадаға қатысқан барлық мемлекеттік қызметшілерге медаль және дипломдар табыс етілді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА