Өткен аптада Атырау қаласында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 2004-2006 жылы туған ауыл жасөспірімдері арасында еркін күрестен Атырау облысының чемпионаты өтті.
Ел чемпионатына іріктеу сайысына мақаттық алты спортшы қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, Амандық Жұмабай 55 келі салмақта және Ерасыл Сайранов 92 келі салмақта өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Ал, Дархан Қарасаев 60 келі, Амангелдин Әділет 45 келі және Алпар Мұратұлы 55 келі салмақта боз кілемде белдесіп, қола жүлдегер атанды.
Байрақты бәсекеде А.Жұмабай, Е.Сайранов, Д.Қарасаев ерекше көзге түсіп, маусым айында Талдықорған қаласында өтетін ел чемпионатына облыс намысын қорғауға жолдама алды.
Бапкерлері Әмірхан Джугинисов, Нұрлыбек Аққойшиев, Аян Абаев, Исмет Асқаров, Ерболат Бисенбайдың айтуынша, палуандар бұл жеңіске табанды еңбектің арқасында қол жеткізіп отыр. Енді жас палуандар жаттығуларын жалғастырып, дүбірлі додадан жеңіспен оралуға дайындалмақ.
Айта кетейік, бүгінде Мақат балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес үйірмесінде 60-тан астам жас спортшы шынығуда.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет автордікі