Аптаның дүйсенбісінде аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған аудандық «Айналайын» онлайн өнер фестивалі қорытындыланды.
Байқау ән-би өнеріне қабілетті өрендерді анықтау арқылы оларды өнерге баулып, таланттарын шыңдауды мақсат етті.
Қатысушыларға қойылған талаптар бойынша байқауға балабақша және бастауыш мектеп жасындағы балалар қатысты. Атап айтсақ, ән жанры бойынша 14 үміткерден, би жанры бойынша 9 үміткерден бейнежазба түсті.
Төрелік еткен қазылар алқасы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Сарбасов, аудандық мәдениет үйінің басшысы К.Тулебаева, аудандық білім бөлімінің бастауыш сыныптар бойынша әдіскері Б.Искакова, аудандық мәдениет үйінің хореографы Н.Базаркулова, ән үйірмесінің жетекшісі Ж.Сисембаев екі кезең бойынша қатысушылардың жіберген таспаларын қарап, әр үміткердің дауыс тазалығына, орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне баса назар аударып, өз бағаларын берді.
Байқау қорытындысы бойынша ән жанрынан «Әсел» балабақшасының тәрбиеленушісі Д.Михеева «Көрермен көзайымы» аталымымен марапатталса, №2 бастауыш мектебінің оқушысы А.Амантай, М.Баймұханов орта мектебінің оқушысы А.Мақсым ІІІ орын, №54 балабақшасының тәрбиеленушісі У.Боранбай ІІ орын, «Болашақ» балабақшасының тәрбиеленушісі К.Азаматқыз І орынға ие болып, С.Шарипов атындағы мектеп -интернатының оқушысы Р.Құбайдолла бас жүлдені жеңіп алды.
Ал би жанры бойынша «Көрермен көзайымы» аталымымен А.Нұржанқызы марапатталса, Х.Санбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Қ.Бисенбай, №2 бастауыш мектебінің оқушысы Д.Есенбек ІІІ орын, «Балбөбек» балабақшасының тәрбиеленушісі И.Әскер ІІ орын, «Болашақ» балабақшасының тәрбиеленушісі А.Жаңабай І орынға ие болды. «Амина Әсел» ясли-бақшасының үміткері И.Ахметдинова бас жүлдемен марапатталды.
Өз тілшіміз