Аудан тарихында теміржолда болған өрт оқиғасы кезінде бірнеше вагонды аман сақтап қалу жолында қаза тапқан Айман Жұмашеваның ерлігін кейінгі ұрпақ құрмет тұтады.
Халыққа патриоттық рух сыйлайтын тұлғаның өнегелі ісін дәріптеп, кейінгі буынның мәңгі есінде қалдыру мақсатында ауданда дәстүрлі шаралар ұйымдастырылу жалғасын тауып келеді. Жақында Бәйгетөбе мектеп-балабақша кешенінің спорт залында өткен жарыс А.Жұмашеваның рухына арналды. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа қатысушыларға алдымен А.Жұмашеваның өмір-дерегімен таныстырылды. Әнұранға құрмет көрсетуден бастау алған жарысқа аудан мекемелерінен 5 команда 40 ойыншы қатысты. Белсенділік танытқан ойыншылардың жігерін жаныған жарыс қорытындысы бойынша І орын Л.Шахатов атындағы орта мектептен қатысқан командаға бұйырса, ІІ орынды Х.Санбаев атындағы орта мектебінің командасы еншіледі. Жарыстың үшінші жүлдесі М.Баймұханов атындағы орта мектебіне лайықталды.
Жарыс төрешілері «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен аурухана командасы мен Бәйгетөбе мектеп бөбекжай кешенінің командасына табыстады. Ойын барысында белсенділік танытқан Л.Шахатов атындағы орта мектебінен Айгүл Кайрова, Х.Санбаев атындағы орта мектебінен Мадина Тулегенова, М.Баймұханов атындағы орта мектебінен Мейрамгүл Жұмағалиева, Бәйгетөбе мектеп бөбекжай кешенінен Элеонора Кенжеғалиева «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар атынан кубок, диплом, медальдармен марапатталып, А.Жұмашеваның отбасы атынан дайындалған арнайы сыйлықтар табысталды.
Л.НҰРБАЕВА.