Бәйгетөбе ауылдық округіндегі Балалар жасөспірімдер спорт мектебінде "Мақат сақасы - 2025" атты асық ату және бес асықтан ересектер арасында облыстық ашық турнир өтті.


Облыстық турнирдің алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Әсел Шайзадақызы ашып, ұлттық спортты ұлықтап, халқымыздың мерейлі мұрасын өскелең ұрпаққа үлгі етіп жүрген спортшыларға сәттілік тіледі.
Асық ату мен бес асықтан өткен бұл сайысқа Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан және Жаңаөзен қаласы, Индер, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат ауданынан жалпы саны 77 спортшы қатысты.
Әйелдер арасында бес асықтан өткен сайыс нәтижесінде жерлестеріміз Мейрамгүл Жұмағалиева, Бақтыгүл Төлегенова, Мадина Төлегенова командалық есеппен II орынды еншіледі.

Ал ерлер арасындағы асық ату сайысында жерлестеріміз Мұрат Қайыров, Дәурен Ондыбаев, Ғалымжан Нарымбаев құраған "Мақат I" командасы бірінші орынды еншілесе, Еркін Мұхамбетжанов, Амандық Сисенов, Руслан Байниязов құраған "Мақат II" командасы үшінші орынды жеңіп алды.
Сайысқа қатысушыларға дипломдармен арнайы кубоктар табыс етілді.
С.БЕКАРЫС
Суреттер автордікі



