Парасат желаяқ ондықтар сапында

(0 Votes)

Таяуда Оралда қала күніне орай жүгіруден жартылай марафон өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 1500-ге тарта спортшы қатысты.

Аталмыш марафонға ауданнан Парасат Құлмұханов та қатысып, 21 шақырымға жүгіруден 150 спортшы ішінен «Үздік ондық» қатарына енді. Аталмыш қашықтықты 1,5 сағатта жүгіріп өткен Парасаттың бұл алғашқы айтулы додаға қатысуы емес. бұдан бұрын ол Атырау қаласында 42 шақырымдық марафонда алғашқы жиырма спортшының сапынан табылған болатын.

-Әркім өз мүмкіндігіне қарай шабады. Жалпы, 5 және 10 шақырымдық жарыс жолын таңдамай, 21 шақырымдықты таңдадым. Дайындығым да осал еместігіне сендім. Мен үнемі жаттығуымды жалғастырып келемін. Мұнымен тоқтап қалмаймын, -дейді Парасат.

Парасат Құлмұханов Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер қызметінде. Айтулы жарысқа шығуына өзінің әріптестері Абзал Қапсалимов пен Айбек Сәбитов және аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Қаржауова қаржылық демеу көрсеткен. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді». Жастардың қолдауы Парасатқа моральдық жағынан да демеу болды. Ол: «Осы қолдаудың арқасында тағы бір рет бабымды байқадым» дейді. Парасат алдына мақсат қойып, оған жетуге асыққан жас жігіт. Алда талай жарыстар боларына ешкімнің шүбәсі жоқ. Олардан жергілікті желаяғымыз жүлделі келеріне де сенеміз. Енді Парасатпен ілесіп, марафонға шығар желаяқтар да ауданымыздан көптеп табылса дейміз.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT