Доссор құрамасы вице-чемпион атанды

Доссор құрамасы вице-чемпион атанды
фото: Доссор құрамасының жеке мұрағатынан алынды
(0 Votes)

«Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» деген екен Сейіт Кенжеахметұлы. Түсіне білген адамға бұл сөзде өте терең мағына жатыр. 

Жастардың күлкіге қалудан сақтанып, ел жұртты күлдіре білетін өнері «Жайдарман» деп аталатыны белгілі.

Қазіргі таңда әртүрлі деңгейдегі «Жайдарман» ойындарында аудан намысын Доссор құрамасы қорғап жүр. Биыл ғана қайта құрылған команда бір жылдың ішінде біраз жетістіктерге жетіп үлгерді. Жуырда ғана олар Жылыой лигасында жүлдегер атанып, команда мүшесі Данияр Ерімов «үздік ойыншы» атағын иемденген болатын.

Өткен аптада жергілікті әзілсүйер көрермен үшін Атырау қаласынан тағы да бір жағымды жаңалық келіп жетті. Бір маусым бойы облыс чемпионатына қатысқан Доссор құрамасы вице-чемпион атағын жеңіп алды.

Облыстық халық шығармашылығы орталығында өткен Әдемі маусымның финалдық ойынына 5 команда қатысты. Ойын «Сәлемдесу» және «Үй тапсырмасы» турларынан тұрды. Екі турдың қорытындысымен үшініші орын Индер құрамасына бұйырса, екінші орынды «Жаңабайлық» командасы мен Доссор құрамасы бөліп алды. Ал 2023 жылғы Атырау жоғарғы лигасының чемпионы болып Геолог құрамасы танылды. Жерлесіміз Данияр Еримов бұлы жолы да «үздік ойыншы» атанды. Үй тапсырмасы кезеңінде команда сапында Республикалық жоғарғы лиганың 2014 жылғы чемпионы «Ұлттық құрама» командасының капитаны Бекзат Дүйсенов өнер көрсетті.

«Биылдыққа өз қаржымызбен үш лигада бағымызды сынап соңына дейін бардық. Ендігі жоспарымыз Республикалық Батыс Nomad лигасында топ жару және келесі жылдың басында Астана қаласында өтетін «Маусымашар-2024» ойынында Республикалық жоғарғы лигаға жолдама алу үшін таласқа түсу», - дейді команда капитаны Оразбек Исмағұлов.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде өздерінің атын қалыптастырып үлгерген жігіттерді ендігі мазалайтыны демеушілік мәселесі. Олар осы орайда финалдық ойын қарсаңында азды-көпті қолдау танытқан ауылдастарға риза екендігін айтады. Бірақ жоғары деңгейде ойнаған сайын қаржы да көп керек бола түсетіні анық. Сондықтан аудан жайдарманының тарихын жаңартып жүрген жігіттер жаңа маусым қарсаңында жергілікті атқамінерлерден қолдау күтеді.

А.ЖҰМАБЕКҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521