Білекті жігіттер бізден табылды

(0 Votes)

Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде облыстың түкпір-түкпірінен келген білекті жігіттердің басы қосылды.  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай гір тасын көтеруден өткізілген  ашық аудандық жарысқа Құрманғазы, Атырау, Исатай және ауданнан 16 спортшы 4 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты.

16 және 24 келілік гір тасын алдымен  жұлқа көтеріп көрген жігіттер, бір серпіліп алды да,  әрі қарай серпе көтеріп жалғастырды. Бірінен бірі өткен жуан білектілердің жарысы қызыққа толы өтті.  Қос сайыстың қорытындысымен  алдыңғы екі жеңіл салмақ бойынша үлестірілген жүлденің барлығы өз жерлестеріміздің қоржынында қалды. Атап айтсақ,  Данияр Қайырғалиев 66 келі салмақ бойынша топ жарса, Иман Мұрат күмісті қанағат тұтты. Үздік үштікті Дәурен Аманқұлұлы түйіндеді.

78 келі бойынша Абзал Қапсәлімовтің алдына түсер жан табылмаса, екінші және үшінші орындарды Исмет Асқаров пен Нұрсейт Аюпов бөлісті.

aiann

Алыптардың айқасы 85 келі салмақ бойынша жалғасты. Атырау қаласынан келген Д.Досқалиев алтыннан алқа тағынып, исатайлық Нұрқуат Умаровтың алдын орады. Аталмыш салмақ дәрежесінде жерлесіміз Аян Абаев та аянып қалмады. Жерлестерінің қолдауынан жігерленген Аян 24 келі гір тасын қос қолмен кезек-кезек 82 мәрте көтеріп үздік үштікке ілікті. Ал +85 келі салмақта алдыңғы орынды Айбол Мұхамбетов иеленсе, құрманғазылық Ерсейт Бралин екінші орынға табан тіреді.  Локомотив пайдалану депосының атынан күш сынасқан Нұркен Сәрсенбайұлы жерлестеріміздің жүлде қорын молайтып, қанжығасын қоламен майлады.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан диплом, кубок және медальдармен марапатталды.    

   
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521