Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырған болатын. Соның бірі - «Асық ату».
Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен асық ойындарына 36 спортшыдан құралған 12 команда қатысты. Ойын асық атудың ең көп таралған нұсқалардың бірі ерлер арасында «Бес табан» және әйелдер арасында «Бес асық» ойыны бойынша жүзеге асты.
«Бес табан» ойынына 7 команда қатысып, 21 спортшыны құрады. Алаң орталығында шеңбер сызылып, көлденеңінен тартылған сызық бойына асықтар тізілді. Ойыншылар арақашықтықты сақтап, кезек тәртібі бойынша бір немесе бірнеше асық шеңберден ұшып кетпейінше, қаз-қатар тізілген асықтарды сақамен түйіп, шеңбер сыртына шығаруы тиіс болды.
Сайыс қорытындысы бойынша «Мақат балалар-жасөспірімдер даярлық клубы» командасы І орын, «Ардагерлер» командасы ІІ орын, «Арлан» командасы ІІІ орын иеленді.
Ал, әйелдер арасында «Бес асықты» иіруге 15 спортшыдан құралған 5 команда қатысты. Нәтижесінде Х.Санбаев атындағы орта мектебі командасы жүлделі үшінші орын, Л.Шахатов атындағы орта мектебі командасы күмісті қанағат тұтса, асығы алшысынан түскен Мақат балалар-жасөспірімдер даярлық клубы командасы сайыс жеңімпазы атанды.
Сайысты өткізудегі басты мақсат - ұлттық ойынның бұқаралылығын арттырып, өскелең ұрпаққа дәріптеу дейді ұйымдастырушылар. Жүзден жүйрік шыққандарға диплом, медаль мен кубок табысталды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі