Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмытылмақ емес. Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгердің айбынын дәлелдейтін белгі болып қалмақ.
Батыр рухына тағзым Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған салтанатты шара аудандық мәдениет үйі алдындағы Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұханов ескерткіштеріне гүлдестелер қоюмен бастау алды. Ұлы Отан соғысындағы құрбан болған қаһармандарды 1 минуттық үнсіздікпен еске алып, барша жиналған жұртшылық бас иіп, гүлдестелерін қойып, тағзым етті. Аудан әкімі Жұмабай Қарағаев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, бейбіт өмір сүруімізге себеп болған барша батыр бабаларымыздың алдында мәңгілік қарыздар екенімізді еске салып, құттықтау тілегін ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Халенов жалғады. Гүлдестелерін қоюға аудан әкімдігі, Мақат кенті әкімдігі, мәслихат депутаттары, мекеме, мектеп ұжымдары, кәсіпорын ұжымдарының өкілдері, құқық қорғау органдары сонымен бірге ардагерлер, тыл еңбеккерлері қатысты. Төрт жылға созылған қиянкескі ұрысқа ауданымыздан 2500-ге жуық жауынгер аттанған болса, оның 400-і бейбіт өмір тіршілігін көруге жазғаны тарихтан белгілі.
Сол кездерді еске алған тыл ардагері Қалам Жаңғабылов: «1941 жылы әкеммен бірге ағам да майданға аттанды. Ол кезде мен небәрі 5-6 жаста едім. Анама қарайласып, бірталай қиындықтарды өткердік. Соғыста жеңіске жеткендігін ел тойлап жатқан кезде көңіліміздегі қаяу кетпей қойды. Өйткені әкем де, ағам да майданнан оралмады. Көршілердің қуанышына ортақтасып, мәз-мейрам болыстық. Ендігі тілейтінім, соғыс болмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» дейді. Шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Доссорлықтар мерекені лайықты қарсы алды
Ұлы Жеңіс күні тыл ардагерлері, кент тұрғындары орталық алаңға жиналды. Іс-шара дәстүр бойынша «Ұлы Жеңіске-50 жыл» монументальдық ескерткіші алаңында басталды. Жиналған жұртшылық алдымен қан майданнан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Кент әкімі Ербол Ермағамбетов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенжан Төлешқалиев бастаған ардагерлер және тыл еңбектері, мекеме, мектеп, бала-бақша ұжымы, кәсіпкерлер, кәсіпорын ұжымдарының өкілдері монумент бойымен жүріп өтіп, «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүлдестелерін қойды. Доссорлықтарды Ұлы Жеңіс мерекесімен кент әкімі Ербол Ермағамбетов және ардагер Діңғали Дәулетбаев құттықтады. Кент әкімдігі тылда еңбек еткен ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етті. Мерекелік шара орталық алаңда жалғасын тапты. Мәдениет үйінің «Шуағы төгілген мамыражай» атты театрландырылған қойылымынан соң жергілікті өнерпаздардың концерті ұсынылды. Мерекелік думанға келген кент тұрғындары өнерпаздардың өнерлеріне риза болысып, ерекше көңіл-күймен тарасты.
А.ТАУМҰРЫНОВА,
М.ІЗТҰРҒАНОВА.
Суреттер авторлардікі.