«Спортшының басты қарсыласы – өзі» деп санайды Атырау облысының жүзу спортынан бас бапкері Иван Галкин, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
- Сұхбатымызды жалпы жүзу спорты туралы бастасақ. Олимпиадалық спорт түрі болса да, кейде осы бір спорт түрі тасада қалып жатқандай көрінеді...
- Жүзу – ерекше спорт түрі. Көп спортта спортшы қарсыласымен бетпе-бет келіп, нәтижеге жұмыс істейтін болса, жүзуде басқаша. Спортшы ең алдымен өзімен күреседі.
Жүзу кезіндегі спортшының мақсаты – өзінің бұған дейінгі нәтижелерін жақсарту, сол үшін спортшы жарыста ғана емес, күнделікті жаттығуларда өзімен күреседі. Айталық, қазір мен жаттықтырып жүрген спортшылардың ең кішісі 11 жаста. Одан әрі жасы үлкендері бар. Барлығы аптасына 6 рет күніне екі мезгіл жаттығуға келеді. Таңғы жаттығу бізде таңғы 6.30-да басталады. Балалар жас та болса, сол жаттығуға кешікпей әрі күнделікті үзбей келеді. Яғни, бала таңмен таласып жаттығуға оянғаннан бастап, өзімен күреседі. Адам болған соң, «бір күн бармай ақ қойсам», «шаршап тұрмын» деген сияқты ойлар болады ғой. Бірақ, біздің спортшыларымыз сылтауды емес, жаттығуды таңдайды. Осындай күнделікті маңдай тер мен еңбектің нәтижесінде атыраулық жас спортшылар биылғы жылды үлкен нәтижелермен аяқтап отыр.
Республикалық чемпионаттарда атыраулық жас спортшылар 9 алтын, 10 күміс, 23 қола медаль жеңіп алды. Атырау облысының спортшылары алғаш рет Филиппинде жастар арасында өткен ХІ Азия чемпионатына қатысып, табысты оралды. Атырау облысының жүзуден қыздар арасында биыл алғаш рет ҚР спорт шебері нормативі орындалды. Сырт көзге бұл жай бір статистика болып көрінуі мүмкін. Шындығында, әр көрсеткіштің артында үлкен еңбек , маңдай тер жатыр.
- Жүзу спортының Атырау облысында дамуы туралы не айтар едіңіз?
- Шынын айту керек, Қазақстандағы жүзу спорты соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Атырау облысы туралы да осылай айта аламыз. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы Су спорты түрлері клубында 200-ге жуық бала жаттығып жүр. Оның ішінде, Атырау облысының құрама командасында өнер көрсетіп жүрген жас спортшыларымыздың саны – 45.
Сол спотшылардың ішінен, ерекше нәтижелерімен көзге түсіп жүрген жастарымызды атап өтуге болады. Дарья Чеснокова небары 16 жасында Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Алихан Құттұмұрат Азия чемпионатына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. 12 жастағы Иван Чесноков жүзуден ҚР чемпионаттарының бірнеше мәрте жеңімпазы болып жүр. 11 жастағы Жансейіт Жанбосын есімді спортшымыз республикалық турнирлерде бірнеше рет рекорд жаңартып, жеңімпаз атанды. Мұның барлығы атыраулық спортшылардың әлеуетінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді.
- Жаңа ғана сөз арасында атыраулық спортшы қыздар арасында тұңғыш рет ҚР спорт шебері нормативін орындаған шәкіртіңізді атап өттіңіз. Басқаларға мотивация болсын, осы шәкіртіңіз туралы толығырақ айта кетсеңіз.
- Дарья Чеснокова маған 2021 жылы келді. Ол кезде жасы 12-де болатын. Және сол жастың өзінде Дарья 2-спорттық разряд нормативін орындап қойған болатын. Дарья келгеннен кейін арада екі ай өткен соң Шымкентте Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы чемпионаты өтті. Осы чемпионатта Дарья 50 метр қашықтыққа шалқалап жүзуден 1 спорттық разрядтың нормативін орындап, чемпион атанды. Күз айында Дарья спорт шеберіне кандидаттық разрядқа өтті. Осылайша, небары жарты жылдың ішінде спортшымыз үлкен нәтиже көрсетті.
Шыны керек, үлкен спорт әлемінде биіктерді бағындыру оңай емес. Бұл жерде көп нәрсе спортшының мінезіне, ішкі дайындығына және отбасының қолдауына да байланысты. Жаттығу кезінде бапкер берген барлық тапсырманы максималды орындап, тоқтамаған спортшы ғана жеңіске жетеді.
Міне, алға талпынған Дарья да биыл Талдықорғанда Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды. Еңбекқор, елгезек осындай шәкіртімнің барын мақтан етемін.
- Чемпионды өсіру үшін не істеу керек? Дмитрий Баландиннің тарихи жеңісін қайталайтын олимпиада чемпионы Атыраудан шығуы мүмкін бе?
- Бапкер ретіндегі көп жылдық тәжірибеме сүйеніп жауап берейін. Ақиқатын айтқанда, чемпион бір күнде немесе бір айда шықпайды. Чемпионның жолы – күнделікті және жылдар бойғы өзіңді аямай еңбек етуден тұрады. Әрине, спортшының бабын келістіретін білікті бапкердің болуы да маңызды. Себебі, қандай жағдайда спортшыдан нәтиже шығаруға болатынын бапкер біледі.
Үшіншіден, нәтижеге жету үшін, сол нәтижеге қол жеткізетіндей тиісті жағдай жасалуы керек. Төртіншіден, нәтижелі жаттығу бағдарламасы. Себебі, кешенді дайындықсыз нәтиже болмайды. Бесіншіден, спортшының физикалық, техникалық қасиеттері де маңызды. Қорыта айтқанда, өзін жеңе білген спортшы ғана чемпион бола алады.
- Ендеше бапкер ретіндегі жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Алда қандай міндеттер тұр?
- Әрине, басты жоспар – нәтижелерді күшейту. Келер жылы өтетін республикалық турнир, чемпионаттарда Атырау облысының намысын абыроймен қорғайтын құрама командасының бәсекеге қабілетті мүшелерін қалыптастыру .
Екіншіден, республикалық жарыстарда медальдар санын көбейту. Үшіншіден, спортшыларымыз арасында ҚР спорт шеберінің кезекті нормативтерін орындау.
Облыстың бас бапкері ретінде А, тым болмағанда В нормативін орындауды мақсат етіп отырмын. Ол үшін атыраулық спортшыларды ұлттық құраманың жасөспірімдер, жастар командасына кіргізуге жұмыстануымыз қажет. Және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін олимпиада ойындарына атыраулық спортшыны шығару да мақсат. Әрине, мұның барлығы бір күнде бола қалатын нәтижелер емес. Талап та, норматив те оңай емес. Бірақ, «Тоқтама, тек қана алға» деген ұранды ұстанатын спортшыларымыздың қандай сынақтарға да төтеп бере алатынына сенімім мол.
- Сұхбатымызды қорытындыласақ. Облыстағы жүзу спортын дамыту үшін тағы нендей мәселелерге көңіл бөлуіміз керек?
- Атырау облысының бас бапкері ретінде атыраулық споршыларды Азия чемпионатынан, Әлем чемпионатынан, тіпті, олимпиада ойындарынан да көре алатынымызды нық сеніммен айта аламын. Спортшыларымыздың оған әлеуеті де, мүмкіндігі де жетеді. Бірақ, спортшыларымызға тиісті жағдай да жасалуы керек. Атырауға спортшыларға арналған, соңғы халықаралық стандарттарға жауап беретін, қажетті құрал-жабдықтары бар заманауи жүзу орталығы қажет. Себебі, бабы келіскен кезде ғана спортшы үлкен нәтижелерге жете алады.
Сұхбаттасқан: Баян Жанұзақова