Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Театр – ғажайып әлем» атты облыстық театрлар байқауы басталды.
Аталмыш шарада алдымен аудан әкімі Азамат Мәмбетов құттықтау сөз сөйлеп, театр рухани байлықтың қайнар көзі әрі мәдениет ордасы екенін атап өтті.
Театрлар арасындағы өнер бәйгесінің шымылдығын аудандық мәдениет үйі жанынан құралған «Халықтық» театры ашып, О.Жанайдаровтың «Мания» қойылымын көрермендер назарына ұсынды.
Одан әрі Индер ауданынан келген «Есенжол Домбаев» атындағы халықтық театры М.Мағауиннің «Бір уыс бидай» және «Жарсуат» халықтық театры Т.Әбдіқовтың «Оң қол» шығармасынан қойылымын қойды.
Екі күнге созылатын облыстық театрлар байқауының алғашқы күнін Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылдық округі жанынан құралған «Аққыстау» таетры Е.Есеналиевтің «Ана жүрегі» және Қызылқоға ауданы «Самал» мәдениет үйінің «Халықтық» театры С.Жүнісовтің «Қысылғанша қыз болдық» қойылымымен қорытындылайтын болады.
Айта кетейік, аталған байқаудың екінші күні 28 қараша күні жалғасып, онда Атырау қаласы «Амангелді» халықтық театры, «Халықтық» орыс театры және Махамбет ауданы, Алға ауылдық мәдениет үйінің «Алға» халықтық театрларының қойылымдары жұртшылық назарына ұсынылатын болады. Байқау жеңімпаздары 28 қараша күні анықталады.
Ботакөз Асхатқызы
суреттер автордікі