Атырау облысында дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытында биыл ауқымды жұмыстар атқарылып, бірқатар жетістікке қол жеткізілді. Спорт мамандарының тапшылығын жою мақсатында облыс әкімдігі жыл сайын “Дене шынықтыру және спорт” мамандығына гранттар бөлуді дәстүрге айналдырды. Осы жылы 25 грант қарастырылған. Сонымен қатар, жоғары жетістіктерге жеткен 120 спортшы мен 52 жаттықтырушыға ай сайынғы «облыс әкімінің стипендиясы» тағайындалды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, өңірде спорттың 81 түрі дамытылуда. Оның ішінде 28 олимпиадалық, 41 олимпиадалық емес, 11 ұлттық және 2 техникалық бағыттағы спорт түрлері бар. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған спорт түрлері де назардан тыс қалмаған.
Облыста қазір 15 441 спорттық секция жұмыс істесе, оның 6047-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өсімнің бар екенін көрсетеді. Мәселен, 2023 жылы 14 737 секция жұмыс істесе, оның 5900-і ауылдық жерде болған.
Сонымен бірге, барлық мектепте тұрғындарға кешкі уақыттарда және демалыс күндері спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл шара салауатты өмір салтын қалыптастыруда маңызды.
2024 жылы өңірде 125 мың адамды қамтыған 1000-нан астам спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде «Айс Райс» қысқы марафоны, грепплингтен «Күз Опен» республикалық турнирі, кикбоксингтен республикалық жарыс, күрес түрлерінен халықаралық «Ойлкап» кубогы сынды айтулы жарыстар өтті.
Ауылдық жерлерде де жаппай спорттық шаралар белсенді түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл бағытта марафондар, отбасылық жарыстар және жаппай сырғанау сияқты іс-шаралар танымалдылыққа ие болды.
Бұдан басқа халықаралық аренадағы жеңістерді де атап айту керек.
— Төтенше жағдайларға қарамастан, облыс спортшылары халықаралық аренада айтарлықтай жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, Париж Паралимпиадасы – 2 , Әлем чемпионаттарында – 4, Азия чемпионаттары – 24, Қазақстан чемпионаттары – 485 медаль, Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында 3 медальға қол жеткізілді. Сондай-ақ жоғары жетістіктері үшін екі спортшы «Құрмет» орденімен марапатталса, екі спортшыға “Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спортшы” атағы берілді. Сондай-ақ, 20 спортшы “Қазақстан Республикасының спорт шебері”, ал 4 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді, — делінген басқарма өкілдері ұсынған мәліметте.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ