Ауыр атлетикадан «Мақат ауданы әкімі кубогы» республикалық турнирі өтуде

(0 Votes)

Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша ауыр атлетика спорты бойынша Мақат ауданы дамып келеді деп айтуға болады. Оған жуырда ғана Талдықорған қаласында өткен ел біріншілігінде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Асылбек Жолдасқалидың күміс жүлдеге қол жеткізгені дәлел.

Мақат ауданында спорттың осы түрінен үлкен сайыстарды өткізу дәстүрге айналған. Биыл үшінші мәрте сарапқа салынып тұрған аудан әкімінің кубогы 2006 жылы туған және одан кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өтуде.

Республикалық доданың ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ербол Ермағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

— Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! Шын мықтылар жеңіске жетсін. Алдағы уақытта еліміздің намысын қорғайтын азаматтар осындай турнирлардан шыңдалып шығатынына сенемін,- деді ол.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов спорт пен еңбек егіз ұғым екенін айта келіп, республикалық сайысты өткізу көп еңбекті қажет ететінін жеткізсе, жарысты ұйымдастырушылардың бірі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов доданың мақсаты - мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында облысымызда ауыр атлетиканы кеңінен дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау екеніне тоқталды.

Айта кетейік, 2006 жылы туған және одан кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар 10 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтауда. Мұнда Атыраудан өзге, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан 107 спортшы қатысуда.

"МТ"

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT