Батыр атындағы турнирде мақаттықтар топ жарды

(0 Votes)

Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұхановты еске алуға арналған еркін күрестен 2010-2011, 2012-2013 және 2014-2015 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық турнир өтті.

Дәстүрге айналған сайысты ұйымдастырудағы басты мақсат – жастарға отансүйгіштік және патриоттық тәрбие беру, сонымен қатар еркін күресті олимпиадалық спорт түрі ретінде дамыту және насихаттау болды. Күресті жанына серік еткен жас өрендер барлығы 10 салмақ бойынша сынға түсті. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында ресми түрде әнұран ойналғаннан кейін алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Ербол Қонысбайұлына жолданды. «Бүгін күрес шеберлерінің тартысы. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! Әлемді бағындыратындай, даңқты ағаларыңыздың ізін жалғайтындай чемпион болып өскейсіздер. Шын мықтылар жеңіске жетсін!»,- деген тілегін білдірді ол. Келесі болып аудан прокуроры Нариман Олжабайұлы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Теңелбайұлы және Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әмірхан Толыбайұлы сөз сөйлеп, өңірімізде еркін күрестің дами түсетініне сенім білдірді.

Атырау облысының барлық аудандары мен Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан келген балуандар арасында біздің жерлестеріміз біраз жүлдеге ие болды. Атап айтар болсақ, 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында 27 келі салмақ дәрежесінде Жандос Жәрдем I орын, Абылай Ерген мен Айқын Зайыр III орын, 32 келіде Бекзат Қадырбай III орын, 35 келі салмақ дәрежесінде Нұрхан Мерген II орын және 50 келіде Нұрлыбек Асан I орын, Темірхан Толыбай II орын жеңіп алды. 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер бойынша 26 кг салмақ дәрежесінде Диас Серік I орын, Омар Әмірше III орын, 29 килограмда Нұрәлім Нұрлан I орын және 35 келіде Аян Жалғас III орынға қол жеткізді. Ал 2014-2015 жылы туған жасөспірімдер арасынан 26 келі салмақ дәрежесінде Алтынбек Тұрлан және Әли Азамат III орынға, 29 келіде өнер көрсеткен Ғибрат Иса I орынға, Ертай Бауыржан III орынға қол жеткізді. Солайша жалпыкомандалық есепте мақаттықтар бірінші орынға жайғасты.

Турнирдің барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан диплом, кубок және медальдармен марапатталды.

А.ЖҰМАБЕКҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT