Атыраулық каратэші Қазақстанның ең үздік жас спортшысы атанды

(0 Votes)

WKF нұсқасы бойынша каратэден әлем чемпионы Әбілмансұр Батырғали бес жарым мыңнан астам дауыс жинап, өз аталымында жеңімпаз болып танылды, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

30 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті ағымдағы жылды қорытындылап, «Altyn Samgay-2019» Ұлттық спорт сыйлығын табыстады.

Қараша айының 15-і мен 30-ы аралығында awards.olympic.kz сайтында әртүрлі аталымдар бойынша үміткерлерге дауыс беру жүргізілді.

Екі апта ішінде еліміздің спортсүйер қауымымен 820 мың дауыс беріліп, сараптаудан өтті.

Дауыс беру нәтижесінде, 2019 жылғы "Үздік жас спортшы" болып, Чилиде өткен жастар арасындағы WKF нұсқасы бойынша каратэден әлем біріншілігінің жүлдегері - Әбілмансұр Батырғали танылды.

Атыраулық спортшы өз аталымында 5633 дауыс жинап, Жамбыл облысының тумасы, дзюдошы Нұрқанат Серікбаевты басып озды. Спортшының ата-анасы Әбілмансұрға қолдау білдірген жанкүйерлері мен оның жетістіктерін мойындаған барлық жанға алғыс білдірді.

- Өткен жылы Әбілмансұрымыз Атырау облысының үздік жас спортшысы атанып еді, биыл оны Қазақстанның Үздік жас спортшысы деп танып отыр. Бойымызды қуаныш пен мақтаныш кернеп барады. Баламызға дауыс беріп, оған қолдау білдірген барша жанға, одан бөлек "Қайсар" спорт клубының жаттықтырушылар құрамына ерекше алғыс білдіреміз, - дейді Әбілмансұр Батырғалидың әкесі.

Естеріңізге сала кетейік, "Қайсар" спорт клубының шәкірті Әбілмансұр Батырғали былтыр өткен жастар арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған еді. Осы жетістік, оның жігерін жанып, жаңа белестерді бағындыруына үлкен ынта берді.

- Келер жылы "Қайсар" спорт клубының құрылғанына 30 жыл толады. Алғашында "Геологтағы" спортзалда кішкентай ғана секция болып бастап, бүгінде, Атырау қаласының жас өрендерін ғана емес, облыстың шалғай ауылдарындағы да жас спортшыларды дайындайтын үлкен спорт клубына айналдық. Біздің клуб Олимпиада жүлдегерін, каратэ мен муай-тайдан әлем чемпиондарын, оның ішінде Әбілмансұр Батырғалиды да тәрбиелеп шығарғанын мақтан тұтамын. Қай-қай шәкіртіміз де Қазақстанның көк байрағын әлемнің қай спорт додасында да абыроймен алып жүргенін мақтаныш тұтамын, - дейді спорттық және дәстүрлі каратэ мен муай-тай облыстық Федерацияларының вице-президенті, "Қайсар" спорт клубының жетекшісі Айбат Рахман.

Бүгінде "Қайсар" спорт клубының жұмысы Атырау облыстық әкімдігі үлкен қолдауына ие. Жергілікті атқарушы биліктің қаржылық қолдауының арқасында спорт клубы еліміз бен алыс-жақын шетелдердің шеберлерін шақырып, қалалық, облыстық, қала берді, республикалық деңгейдегі семинарлар мен жарыстар өткізіп келеді. Жергілікті бюджеттен спортшылардың халықаралық турнирлер мен жарыстарға баруы да қаржыландырылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын, "Қайсар" клубы Нұрсая ықшам ауданында спорт залға арналған жаңа ғимаратқа қол жеткізген еді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сурет:ӨКҚ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT