Аудандық мәдениет үйі сыбайлас жемқорлыққа қарсы және "Жастар жылына" орай кезекті шарасын ұйымдастырды.
Мекемелер арасында өткен көңілді тапқырлар клубы сайысының бұл жолғы басты ерекшелігі, «тіс қаққан» байырғы жайдарманшылар мен ұлағатты ұстаздардың жарысуы болды. Тәрбиешілер де қарап қалмады. Ә дегеннен-ақ "Әселден алтау" әдемі ойынымен сәлемдесу бөлімін бастап кеп жіберді. Ұстаздардың қимылы да тым ширақ. Өздерін жарыс басында-ақ "Жеңімпаз бикештер" деп таныстырған "Болашақ" балабақшасының тәрбиешілері әріптестерінің әдемі бастамасынан кейін қарап қалсын ба? Олар да жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленіп, сатып алынатын диплом, кентімізге кірер жолдағы өспей қалған кейбір көшеттерді астарлай отыра, тәрбиешілер мен ұстаздарды сенбілікке сүйрелей беретін басшылыққа назын білдіріп өтті. Сөйтті де "Көк тракторлеріне" мініп кете барды. Бұл олардың жұмысында да, үйінде де осы бір желіні жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаулап алған балалар әні еді.
Доссордан келген мектеп-интернат мұғалімдерінен құралған "Интернат жастары" әр пәнге қатысты өз әзілдерін өрбітіп сәлемдессе, іздерінен іле-шала сахнаға көтерілген келесі команда сахнада өздеріне тән ойын өрнегін қалыптастырып үлгерген еді. Бірінен бірі өткен командалардың арасындағы бәсеке қыза түсті.
Аудандық мәдениет үйінің жастарынан құралған «Мәдениетті жастар» тізгінді өз қолдарына алды. Олардың жанкүйер үшін жасаған жанкештілігі жайдарман емес, құдды бір комедиялық спектакль секілді. Актерлік шеберлігімен жарысты жандырып жіберген олар жаңа ғана көш бастап тұрған доссорлықтарға оп-оңай берілмейтінін дәлелдеп жіберді.
Ұстаздық жолдан жалықпай жүріп, қағытпа қалжыңға да уақытын таба білетін "Санбаев жастары" болса, еліміздің әр өңіріндегі тіл айырмашылығын тамаша жеткізді. Әзілдерінің алдына би қойылымын кіргізген басты жүлдеге таласушылардың қатарын "Мырза" толықтырды. Олардың өткір тілдерінен шалыс басып, жазаға іліккендер де қалыс қалмады. Әуенді жамбы ату бөлімінде командалардың бірі өз кәсіптерін әнге қосса, бірі жергілікті мәселелерді қозғады. Уәделерді ертегіге теңегендер де табылды олардың арасынан. Нысананы дөп көздей білетін "сұрмергендер" "Мұғалімнің айлығына айтқан зары" мен "Бензиннің жырын" қалай ұмыт қалдырсын.
Әр балға алаңдап тұрған жайдарманшыларды шешуші кезең күтіп тұрды. Үй тапсырмасына ұстаздардың қалай дайындалатыны қызықты болды. "Әселден алтау" көрерменнің көңілі үшін өздері бала болып, балабақшадағы бір күнді көрсетті. Қазіргі балалардың өзіңді үйретуге дайын тұратынын қағыта кеткен олар қысқа да нұсқа қайырды. "Ромео мен Джулеттаны" өз нұсқаларында қойған "Жеңімпаз бикештер" жұртшылықты күлкіге қарқ қылды. Көрерменнің қошеметіне бөленген қыздардың енді ғана екінші тынысы ашылғандай болды.
"Интернат жастарының" қойылымы қоғамның дертіне айналған жемқорлық тақырыбына негізделді. "Жабағы кімге бұйырады" деп ойын өткізген "Доссор жастары" ауылдың күйбең тірлігін қанша көрсе де, қажымайтын көңілді тұрғындардың бет-бейнесін боямасыз қалпында көрсетті.
Шешуші кезеңде шегінуді жөн көрмеген "Мәдениетті жастар" студенттік өмірдің ең тәтті шақтарын қайта жаңғыртып, үздіктердің қатарынан табылды. Сөз соңында езуімізге күлкі ұялатқан "Санбаев жастарының" "Шындық роботы" қазіргі қоғамға керек-ақ. Үй тапсырмасын еркін тақырыпта өрбіткен "Мырзалықтар" ән де салды, би де биледі. Тіпті желі "жұлдызы" Мұрат Әбділдаға видео сәлемдеме жолдатты.
Тартысқа толы доданың бағасын беріп, жүлдеге жайғастыру қазылар алқасына оңайға түспеді. Алайда, тәрбиешілердің еңбегі ескеріліп, олардың өз жұмыстарынан бөлек уақыт таба білуін ерекше елеген қазылар бұған дейін сахнаға шығып, жеңістің дәмін татып жүрген командалардың алдынан өткендей болды. Осылайша, С.Шәрипов мектеп-интернатынан келген «Интернат Жастары» мен "Доссор жастары" құрамасы алғыс хатпен марапатталса, үздік үштікті Х.Санбаев орта мектебінен келген «Санбаев жастары» түйіндеді.
Аудандық мәдениет үйінің «Мәдениетті жастары» мен «Мырза» фото салоны атынан шыққан «Мырза» тобы екінші орынды бөліп алса, «Әсел» балабақшасынан сынға түскен «Әселден алтау» бірінші орынды иеленді. Өздерінің әні мен де көрінісімен де көрермендер көңілінен шыға білген «Болашақ» балабақшасынан келген «Жеңімпаз бикештер» сайыстың бас жүлдесін қанжығаларына басты.
Ал "Үздік ойыншы" атауын К.Амантайқызы алды.
Қашан да мәдени шараларда төбе көрсетуден талмайтын білім беру ошақтарының жалынды жастары мен қарымды қызметкерлеріне аудандық мәдениет үйінің басшысы К.Айтмұханқызы алғысын білдірді.
А.САДЫКОВ
Cуреттер автордікі