«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Ұлттық домбыра күні қарсаңында күй атасы атанған дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұлттық домбыра күніне арналып Құрманғазы ескерткіші алаңында өткен іс-шараға аймақ басшысымен бірге өңірдің зиялылары мен қоғам қайраткерлері сондай-ақ өнер саласы ардагерлері қатысты. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Тәуелсіздік жылдары ұлттық құндылықтардың ұлықталуына ерекше көңіл бөлініп келе жатқанына тоқталды. Оның сөзінше, домбыра күнінің мерекелер күнтізбесіне енуі — ұлттық руханиятқа соны серпін берген.
«Домбыра – ұлттың үні мен жаны ғана емес, мыңдаған жылдар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан қастерлі қасиеті. Бағзы бабалардан жеткен басты байлығымыз. Сондықтан домбырасыз ұлт мәдениеті тарихын көз алдымызға елестету мүмкін емес. Әрбір шаңырақтың төрінде тұруы тиіс айрықша аспабымызды ұлықтау арқылы ұлттық болмысымызды күшейте түсеміз»,-деді облыс басшысы.
Сондай-ақ ол ұлттық мереке күнін ел ағаларымен бірге ұлы күйші Құрманғазының ескерткішіне келіп, тағзым етумен бастаудың өзіндік себебіне тоқталды.
«Атырау – ежелден күй елі. Ғасырдан ғасырға жеткен батыстың күйшілік өнері – тарихының тамыры тереңде. Киелі топырақтан Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Есбай мен Баламайсан, Қаршыға мен Рысбай, Әзидолла ағаларымыз бен қазақ күйінің қазіргі мақтанышы Айгүл шыққан. Сондықтан Атыраудың күйшілік өнері ұлттық мәдениеттің күре тамырларының бірі»,-деді. Өз кезегінде Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Илья Жақанов ұлттық өнердегі домбыраның рөлі, Атырау күйшілік мектебі туралы жан-жақты атап өтті. Іс-шара аясында жұртшылық назарына «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі бірнеше күй ұсынды.