Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халық мұрасы. Қазақ қашанда оны қадір тұтып, төрге іліп бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне шілденің алғашқы жексенбісі Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні болып бекітілуі де сондықтан.
Аталған мерекеге орай, қазақтың ұлттық өнерін насихаттау мақсатында Рыспай Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары Доссор кентіндегі "Жастар" саябағында "Домбыра Party" ұйымдастырды. Оқушылар Сейілхан Құсайыновтың "Мереке", Құрманғазының "Адай", "Балбырауын", Динаның "Бұлбұл" күйлерін орындады. Саябақта демалып отырған көпшілік қазақтың қара домбырасынан төгіле орындалған күйлермен сусындады.
Шара барысында мектебіміздің ардагер ұстазы Естай Ғинаятов барша қазақ халқын атаулы мерекемен құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
М.Иманғалиев,
Р.Ғабдиев атындағы Доссор балалар өнер мектебінің директоры