Даламыздың үнісің сен, домбыра!

(0 Votes)

Тарихтың сан алуан сырларынан сыр шертетін домбыра күнінің әспеттеліп, мерекенің қатарын толтырғанына да үш жылдай уақыт болды.

Елбасы­ Н.Назарбаев ұлттық аспаптың Күлтегін ­заманы­нан келе жатқанын еске салып, домбыраны­ қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті деп бағалап, шілденің бірінші күні – Ұлттық домбыра күні деп белгіледі.

Жыл сайын атаусыз қалмайтын мерекелер қатарына енген Ұлттық домбыра күнін аудан тұрғындары да ерекше өткізді.

Мақат балалар өнер мектебінің шәкірттері 1 шілде күні Мақат кентіндегі "Туған жер" аллеясында Құрманғазының "Адай", "Балбырауын" сынды бірқатар күйлерін орындады. Бұл күні аллея маңында серуендеген мақаттықтар домбыраның сазына бөленді. Ансамбль жетекшісі Дәулеткерей Мәулекенов  ұлттық өнерді насихаттайын осындай шаралар дәстүрлі түрде жалғасын табатындығын айтты.

Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім - болмысы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Біздің мәдени құндылықтарымыз бен дәстүріміз қос ішектің үні мен күмбірлеген күй арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі.

Домбырадан шыққан саз кеудесі қазақ деп соққан адам баласын бірден баурайды. Домбыраға белгілі ақын-жазушылар да үн қосып, өлең арнаған. Шөмішбай Сариев «Бабамыздың мұңысың сен, домбыра, Анамыздың сырысың сен, домбыра. Қазағымның жүрегінен жаралған, Даламыздың үнісің сен, домбыра!» десе, Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деп, бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Ендеше, Ұлттық домбыра күні аясында атқарылар игі шаралардың ауқымдылығы  киелі аспаптың қадірін арттырып, адамзаттың көкірек көзінің ашылуына септігін тигізіп, жақсылықтың жаршысы болмақ.

Е.МЫРЗА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT