«Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов түрлі деңгейдегі сайыстарда топ жарып, жеңіске жеткен атыраулық бір топ спортшылар мен бапкерлерді марапаттады», - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Марапатталғандар қатарында футболдан ҚР чемпионатының Бірінші Лига ойындарында жеңіске жеткен «Атырау» футбол клубы, алтыншы мәрте ҚР Кубогінің иегері атанған «Атырау» волейбол клубы, 5-8 қараша күндері Сербия Республикасының Нови-Сад қаласында самбодан өткен әлем чемпионатында жастар арасында «әлем чемпионы» атанған Абылайхан Мейрамбекұлы, жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Еркебұлан Қуанғалиев бар.
Байрақты бәсекелерде өңірдің атын шығарып, ел намысын қорғап жүрген спортшылар мен олардың бапкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Жиын барысында алғаш болып сөз алған облыс әкімі спортшыларды жеңістерімен құттықтап, ел спортын дамыту бағытындағы қызметтері үшін алғыс білдірді.
- Мемлекет басшысы халыққа жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесін ерекше атап өткен болатын. Осы мақсатта облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның дәлелі ретінде бүгін сіздермен қуанышты жағдайда жүздесіп отырмыз. Қос бірдей командамыз республикалық сайыста жеңімпаз атанса, қос балуанымыз әлем чемпионатында көк байрағымызды асқақтатты. Бұл – үлкен жетістік. Сіздерді жарқын жеңістеріңізбен құттықтаймын. Байрақты бсекелерде биік белестерді бағындырып, Атырау мерейін тасыта беріңіздер, - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Кездесуде сөз алған жастар арасындағы әлем чемпионы Абылайхан Мейрамбекұлы қазақ спортының жеңісті күндері әлі алда екенін атап өтті.
- Спортшылардың басты мақсаты – аянбай еңбек етіп, байрағымызды көкке көтеру. Бізге көрсетіліп жатқан қолдауларға алғысымыз шексіз. Елдің осындай ыстық ықыласының арқасында Сербияда өткен әлем чемпионатында өз мақсатыма жетіп, жат жерде әнұранымызды шырқаттым. Алдағы әлемдік додаларда да жеңістерді бағындырамыз деген сенімдемін, - деді Абылайхан Мейрамбекұлы