Ұлттық ойындар тәрбиелік мәнімен қоса ой-санасының жетілуіне зор ықпал етеді. Осыны ескерген Атырау облыстық білім беру басқармасы аймақтық дене тәрбиесі спортты дамыту орталығы Абай Құнанбайұлына 175 жыл толуына орай ұлттық спорт түрі «Асық атудан» сайыс ұйымдастырды.
Облыстық мектеп лигасының онлайн біріншілігіне ұлттық ойынды меңгерген 5-6, 7-8, 9-11 сынып оқушылары қатысты. Аталмыш сайыста ауданымыздың намысын қорғаған М.Баймұханов атындағы орта мектебінің оқушылары командалық есеп бойынша жүлделі І орынға ие болды.
Атап айтсақ, 5-6 сынып оқушылары Мақсот Мадияр, Аманбай Нұрмұхамбет, Қадірбай Нұрислам және 7-8 сынып оқушылары Аманғалиұлы Халел, Қадірбай Сұлтан, Махсот Ұлан сонымен қатар, 9-11 сынып оқушылары Ақылбекұлы Ержан, Есен Мадияр, Айтуаров Мансұр өздерінің қырағылықтарымен танылды.
«Біз кішкентай күнімізде аулада достарымызбен жиналып, асық ойнайтынбыз. Асық жинап, оны бояудың өзі қызық. Бірақ, кейін ол ұмытыла бастады. Осы асық ату жарысы болады дегенде қуана қатыстым. Жалпы мұндай ұлттық ойындар жиі ұйымдастырылып тұрса...», - дейді қатысушылардың бірі Мадияр.
Республикалық жарыстың жолдамасына ие болған жарыс жеңімпаздары осы қараша айында өтетін сайысқа облыстың намысын қорғау үшін дайындық жүргізуде.
Оқушыларды мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Мұрат Қайыров дайындап, жаттықтыруда.
М.СЕРІКҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөз