Бас қаламызда дзюдодан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы ел біріншілігі өз мәресіне жетті.
Бағымызға орай жерлесіміз Дулат Аманқосовтың жетістігі қоржынымыздағы жалғыз жүлде болып қалмады. Жарыстың соңғы күнінде үмітімізді үкілеген саңлақтарымыздың бірі Әділет Сапарғалиев қоржынымызға тағы бір алтын жүлдені салды. Бұл жетістіктің жөні бөлек. Өйткені ол ақтық сында 2018 жылы Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен жастар арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы алматылық Бекарыс Сәдуақасовты қапы қалдырды.
Соңғы жылдары ауданымыздың дзюдошылары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Республикалық деңгейдегі жарыстарда облыстың атын шығарып, қала берді Азия және әлем чемпионаттарынан олжалы оралып жүр. Ауданымызда осы спорт түрінің қарқынды дамуына Мақат және Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде шәкірт тәрбиелеп жүрген Ерлан Шынтасов пен Азамат Бегалиевтің үлесі зор. "Ұстаздан шәкірт озар" деген қағиданы берік ұстанған бапкерлерге еселі еңбек пен төккен терлерінің нәтижесін көре берулеріне тілектеспіз!
А.Есжан