Жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) – әртүрлі вирустармен тыныс алу жолдарының қабынуымен жүретін жұқпалы ауру. Вирустың әртүрлілігіне байланысты, бұл ауру тобына тұмау, парагрипп, риновирусты және аденовирусты инфекция, басқа жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынулары жатады. Сондай-ақ, даму барысында вирустық ауру бактериялық инфекцияға асқынуы мүмкін.
ЖРВИ-мен балалар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жиі ауырады.
Аурудың жасырын кезеңі 2-3 күнді құрайды.
Клиникалық белгілері: жедел респираторлы инфекция кезінде бастапқыда адам шаршағыш, әлсіз, ашуланшақтық болып, әрі қарай бұл белгілер көбейеді. Яғни, бас ауырады, қатты әлсіздік, бұлшық еттер сырқырайды, дене қызуы жоғарлап, терлегіш болады.
Ал тұмауда тамақтың ауруы, қышуы, жөтел пайда болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда тыныс алу жолдарының зақымдануымен конъюнктивит, яғни көздің зақымдану белгілері болады. Осы уақытта аймақтық жақ асты, мойын лимфа тамырларының ұлғаюы да мүмкін.
Ауырған жағдайда міндетті түрде үйде жатып, барынша сұйық зат ішуі керек.
Дене қызуы жоғары болғанда қызу басатын дәрі-дәрмектерді, қажеттілігіне қарай тұмауға қарсы дәрілерді немесе жөтелге қарсы препараттарды дәрігердің кеңесімен қолдану өте маңызды.
Жедел респираторлы вирусты инфекция кезінде антибиотиктер тиімді емес, сондықтан олар бактериялық инфекция немесе асқыну кезінде тек дәрігердің тағайындауымен қабылданады. Өйткені антибиотиктер иммунитетті төмендетеді.
Аурудың алдын-алу:
- Эпидемиялық кезеңде көпшілік орындарда адамдармен байланыс жасаған кезде маска кию;
• Инфекцияның таралуын алдын алу үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы (құрамында спирт бар) ерітіндімен жуу;
• Бір реттік қол орамалын қолдана отыра, жөтелген және түшкірген кезде мұрын мен ауызды жабу, маска кию, маскаларды тәулігіне 3-4 рет ауыстыру.
• Бөлмені жиі желдету;
• Аурудан сақтанудың ең тиімді жолы- екпе алу;
Екпе - кез келген тұмау эпидемиясы кезінде ең сенімді қорғаныс болып табылады. Екпе нәтижесінде пайда болған иммунитет аурудан сенімді қорғайды.
Екпе мақсаты – инфекция ретінде тұмауды толық жою емес, тұмаудан өлім-жітімді және ауруларды, әсіресе оның асқынуларын, жүрек-қантамырлық, өкпе ауруларының, басқа да созылмалы патологиялардың асқынуын азайту.
Жылда тұмау ауруының алды-алу мақсатында қыркүйек айынан бастап қауіпті топтарға, атап айтқанда:
- 65 жастан жоғары қарттар;
- созылмалы патологиясы бар балалар;
- екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер;
- медицина қызметкерлері және басқа да көптеген өндірістік байланыстағы адамдар егіледі.
Дегенмен де, екпе алудан бөлек салауатты өмір салтын ұстану, ағзаның кез келген инфекциямен күресуіне көмектеседі.
А.АСАНОВА,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақырау басқарма басшысының міндетін атқарушы