«Қанша шаршасақ та, санаспадық»

(0 Votes)

Доссор селолық ауруханасы маусым айының соңғы күндері науқастарға лық толы болып, карантин жариялаған болатын.

Кентте алғаш COVID-19 тіркелген күннен аяқтан тік тұрып, білек сыбанып іске кіріскендердің бірі - Доссор селолық ауруханасының жалпы бөлімшенің мейірбикесі - Ақтолқын Кемелқызы. Ауруханадағы провизорлық стационарда өзгенің өмірі үшін күресіп жүрген мейірбикемен байланысып, ауруханадағы ахуалмен танысқан болатынбыз.

Пневмониямен алғаш науқастар түсе бастағаннан ауруханада жеті күндік ауысым ұйымдастырылған.

«Жұмысымыз оңай болып жатқан жоқ. Науқастар жатқан бөлімшеге кірмес бұрын қорғаныш киімдерін киеміз. Қорғаныш комбинезондары ауа жібермейді, оның үстіне денеміздің ыстығы бар, теріміз сорғалап шығамыз. Қорғаныш киімдерін кию үшін де сабырлық керек»,- дейді мейірбике.

Иә, науқастармен байланыс жасау үшін барлық медицина тобы қорғаныш киімдерін киіп, қорғанады. Оны киюдің өз әлегі бар. Алдымен маманның үстінде өзінің медициналық киімі және бас киімі болу қажет. Одан кейін қорғаныш комбинезонын, бір медициналық маска, бір респираторлы медициналық маска және екі қолғап, арнайы көзілдірік, соңында аяққа бахила киеді. Әрине арнайы костюм ауа өткізбейтіндіктен, күн ұзаққа оны киіп жүру де ауыр екені айтпаса да белгілі.

«Қорғаныш костюмін киюге шамамен 20-25 минут кетеді. Ал оны шешуге жарты сағаттан аса уақыт жұмсаймыз. Костюмнің жарамдылық уақыты 6 сағатты құрайды. Содан кейін біз оны суға салып, дезинфекцияға береміз. Киген костюміміз бірден утилизацияға жіберіледі», - дейді Толқын.

Осылайша қорғанған ақ халаттылар науқастар жатқан бөлімшеге кіріп, оларды аралап, жағдайларын біледі. Күнделікті әр науқасқа тағайындалған ем-дом шараларын жасайды. Біріне- антибиотик, біріне -система егілсе, енді бірі аппаратқа салынады. Мейірбикелер таңнан бастап жұмыстарына кірісіп, алдымен науқастардың қызуын және қан қысымын өлшеп, кейін процедуралық жұмыстарына кіріседі.

28e3455f-ca8f-4320-9102-b996c286c3fb

«Менің алғашқы ауысымымда ауыр халдегі науқастар көп түсті. Оның ішінде көз жұмған науқастар да болды. Әліміз келмей жатқан науқастарға боброва аппараты арқылы оттегі бердік. Ауыр науқастарды Мақатқа жібердік. Осылайша қолымыздан келген көмекті жасадық. Шаршағанымызбен, санаспаймыз. Жүгіріп жүріп ұмытып кетеміз. Түнгі кезекшілікке 2 сағаттан, тазалықшы демейміз, мейірбике демейміз, кезекшілікке тұрып жатырмыз. Біреулер тәуір болып кетіп жатыр, біреулер дәм-суы таусылып жүріп кетіп жатты. Ол, әрине, оңай емес бізге. Ойлаймыз, көңіл-күйіміз түседі. Жақсы болып кетсе, қуанамыз. Еңбегіміздің жемісі деп білеміз»- дейді мейірбике.

«Барлық індетпен күресіп жатқан әріптестеріме шыдамдылық тілеймін. Осындай қиын уақытта бізге қолдау танытып жатқан барлық ауыл азаматтарына, мемлекеттік қызметкерлерге, еріктілерге алғысымыз шексіз. Әрине, осындай ауыз біршілігіміздің арқасында бұл індетті де жоятын боламыз»,- дейді мейірімді мейірбике.

Иә, мұндай сын сағатында қайсарлық таныта білген әрбір медицина қызметкері үздік атануға лайықты. Ақтолқын мейірбикемен бірге науқастардың өмірі үшін ауруханада дәрігерлер Нұрғали Басымбеков, Асылбек Берікұлы, Мадина Мағзомқызы, мейірбикелер Жаңыл Тілеуғалиева, Бақтыгүл Имашева, Гүлжан Такелова, Айдана Қабдығали, Светлана Орынбасарова, Тұрсынгүл Серікқызы, Қызғалдақ Серікова, Назкен Бағытова және кіші қызметкерлер Гүлмира Оңғарова, Мәншүк Орынбасорва, Айгүл Зихатова, Шолпан Тұрышова, Алтын Оңғарбаева, Алмагүл Бегалиева сынды медициналық топ жанары жасыған әрбір науқасты жылы сөзімен демеп, шипалы қолдарымен қауіпті індеттен аман алып қалып жатыр. Бүгінгі күннің батырларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ!

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT