«Қауіпсіз қоғам»: Атырауда киберқауіпсіздік бағытында құқықтық дәріс өтті

(0 Votes)

Қазіргі интернет кеңістігіндегі алаяқтық пен заңбұзушылықтың жаңа түрлері пайда болып жатқан кезде, жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыру және оларды онлайн қауіптерден қорғау – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі.

 Осы мақсатта Атырау облысының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қатысуымен Дінмұхаммед Қонаев атындағы Binom мектеп-лицейінде кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, соның ішінде интернет-алаяқтықтың алдын алу және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

Кездесуге Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Дәурен Мұханбеталиев қатысып, оқушыларға елімізде жиі кездесетін интернет-алаяқтық түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол онлайн алаяқтардың алдау тәсілдері мен олардың әрекетіне алданып қалмаудың жолдарын түсіндірді.

- Қазіргі таңда киберқауіпсіздік мәселесі – қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі. Әрбір адам интернеттегі жеке ақпаратын қорғауды үйренуі керек. Себебі, алаяқтар ең алдымен пайдаланушылардың немқұрайдылығын пайдаланады. Сондықтан кез келген күмәнді сілтемеге өтпей, жеке деректерді бөгде адамдармен бөліспеу қажет, – деді полиция капитаны Дәурен Мұханбеталиев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT