Көбіміз "ковид" деп қорқып жүргенде пневмония деген кесел талайымызды алып ұрып, ауруханаға тықты. Қанша күннен бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауруханаларда өмір үшін сұрапыл жанталас жүріп жатыр. Әлгі "пәле" алдымен адамның қызуын көтеріп, "қара терге" түсіретін көрінеді. Қазір «аунап тұрып» жатқан бір адам. Ауру әсіресе қазыналы қарттарымызға қиынырақ болып тұр.
"Жаның қиналып, емхана есігінен аттағанда алдыңдағы ақ халаттының тұнжырамай, жылы жүзбен қарсы алғанының өзі бір ем",- дейді жақында ғана жазылып шыққан ардагер ұстаз Зоя Маженова.
Шағын ғана кентімізді санаулы күнде үлкен әбігерге салғызған әлгі "қызу" қариямызды да айналып өтпепті. Жақында ғана аналары дүниеден өтіп, "кіші күзетіне" қатысқаннан кейін ардагер ұстаз өзін жайсыз сезіне бастаған. Абырой болғанда ,жәрдемін жедел түрде көрсете білген Маржан мен Гюзель есімді ақ халаттыларымыз апамызды дереу орталық ауруханаға жеткізеді.
"Барған кезімде дәрігер Төлеу Дәулетов қарсы алды. Жас шамама қарап, сіз үйден емделіңіз деп қайтарып жібермей, қабылдағаны үшін үлкен ризашылығымды білдіргім келеді",-дейді.
Апамыз ауруханаға түскен сәтте науқастар да үсті-үстіне келіп жатыр екен. Бәрінің қабағын бағып, көңілін тауып жүретін Хамзат есімді жас дәрігер де Зоя апайдың есінде жақсы сақталыпты. "Бөлмеге кірсе болды, бәріміз жан-жағынан Хамзат айналайын, қызуымды өлше",-деп қоя береміз дейді қабақ шытпайтын маманның еңбегіне сүйсініп. Айтуынша, Хамзат - ауданымызда еңбек етіп жатқан оңтүстіктің тумасы. Бір-екі күнде бетінің бері қарауына себеп болған Гүлнұр, Айсана, Әсемгүл есімді медбикелердің де еңбегі орасан. Ауру аяқ астынан тарпа бас салғанда апайымыз қорқып қалғанын да жасырмады.
"Елдегі жағдайды көріп тұрғасын, тіпті, тірі келеміз бе, жоқ па деп те уайымдадым. Балаларымның да көңілі түсті",-дейді ол.
Жанына араша түсіп, күйбең тіршілікке қайта қауыштырған бірінші Алла, екінші сол ақ халаттыларымыз екенін де жасырмайды. Алдыңғы шептегі ақ халаттыларымыздың жұмыстарына жеміс тілеп, биік белестерге жете беруіне тілектестік білдірді.
"Ел аман, жұрт тыныш болып бәрі қалпына келсе, әлі-ақ қыдырып үлгерерміз. Әзірге өзімізге де өзгеге де зиянымызды тигізбей, белгіленген тәртіпке бағынайық",- дейді ардагер ұстаз.
Жігері жасымай қарт та болса, күресуге қауқар танытқан сүйегі алтын алдыңғы буынымызға тек амандық тілейміз.
А.САДЫКОВ