Карантин жағдайы енгізілгелі тұрғындар учаскелік дәрігерлеріне жүгініп жүргендіктен бе, аурухана маңында адам аяғы бәсең. Күн қызуының қайтуын күтіп барған сәтіміз түс ауған шақ еді. Негізгі кіре беріс есігі жабық тұрғасын, қабырғаға жабысқан сары сілтемені бойлай отырып, артқы есікке қарай бет түзедік. Сол-ақ екен, ашық тұрған терезеге шынтақтай сүйеніп, жүзінде шаршаңқылық байқалған ақ халатты апайға көзіміз түсті. Ол – аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Гүлмира Серікқызы екен.
Гүлмира өткен жылдың қазан айынан бастап учаскелік мейірбике болып еңбек етеді. 80/4,9-ы, 68 үйлік және 100/1,2,3,4 -і мен С.Алиев көшесіндегі 18 үйлікте, төртінші ауылда тұратын солтүстік учаскедегі тұрғындар осы мейрімді жанның қарамағында екен.
Аты айтып тұрғандай, ауруханаға келген әр науқас алдымен осы сүзгі бөлмесінен өтеді. Өкінішке орай, дәл осы есіктен кірген науқастың барлығы бірдей сауығып шыға бермейді. Күні кеше көз алдында тіркеуден өткен тұрғынды санаулы күннен кейін мүрде қалпында шығарып салуға екінің бірінің жүрегі шыдас бермес. «Әсіресе соңғы уақытта қаза жиілеп кетті» дейді ақ халаттымыз.
“Ант берсек те, адам баласымыз ғой. Шынымды айтсам, жұмысқа келгенде кейде қорқыныш болады. Бірақ жұмысымызға алаңдап жүріп, артынан ұмытып кетеміз. Күннің ыстығында қорғаныс киімімен жүру де ауыр. Ауа жетпей бара жатады”,-дейді ол.
Жаңадан келген жас мамандар да осында жүр.
Х.Санбаев атындағы орта мектептен түлеп ұшқан Табылдиева Тілектес пен Есқайыров Медет Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы медицина колледжін бітіріп, туған өлкесіне қарай бет түзеген.
“Алдыңғы буын аға-апаларымыз білгенімен бөлісіп, білмесімізді үйретіп жатыр. Оқып жүрген кезімізде бұл жерден бұған дейін де тәжірибеден өткенбіз”,-дейді олар.
Сүзгі бөлмесінен сәл әрірек орналасқан бөлмеде келген науқастарға дәрігердің тағайындаған ем-домын жүргізетін екпе бөлмесі бар. Онда Буркитова Айзат есімді медбике жұмыс жасайды. Таңның атысымен кешке дейін тыным таппайтын ақ халатты халық үшін қызмет етіп жүргеніне дән риза.
Адам жанына араша түсіп жүрген әлі қаншама медицина қызметкерлері бар екенін жақсы білеміз. Олар – бүгінгі күннің батырлары. Алла амандығын берсе, басқа да еңбегі ерлікпен пара-пар ақ халаттыларымызға алдағы сандарымызда арнайы тоқталатын боламыз.
А.САДЫКОВ